Әлем чемпионатына дайындық кезінде жарақат алған қазақстандық спортшы Шымкент дәрігерлеріне ризашылығын білдірді.
Ауыр атлетикадан ел намысын қорғап жүрген спортшы Карина Горичева 2025 жылғы 23 тамыз күні сағат 10:25-те жаттығу кезінде алған жарақатынан кейін №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді.
Инструменталды және зертханалық тексерулер жүргізілген соң, науқас шұғыл түрде травматология және ортопедия бөлімшесіне жатқызылды. Толық тексерулердің нәтижесінде спортшыға 26 тамыз күні Ахилл сіңірінің үзілуін қалпына келтіру бойынша ашық ота жасалды.
Ахилл сіңірі – адам ағзасындағы ең ірі сіңір, ол тобық буынында орналасқан. Бұл аймақ спортшылар арасында ең жиі жарақат алатын нүктелердің бірі болып саналады.
Карина Горичева бөлімшеде симптоматикалық ем қабылдады. Жалпы жағдайы тұрақталғаннан кейін спортшы ауруханадан шығарылды.