Шымкентте баласын бағып-қағудан бас тартқан әйелдің ата-ана құқығы шектелді. Сот оны тапқан табысының төрттен бірін баласын асырау үшін беруге міндеттеді. Бұған әйел келісіп, мақұлдаған.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 жастағы баланың анасын ата-ана құқығынан айырды. Іс бойынша қаладағы қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығы талап қоюшы ретінде танылған.
«Талап қоюшы өз талабында жауапкер кәмелетке толмаған ұлын мектеп әкімшілігінің шағымдарына, атап айтқанда, себептерсіз жүйелі түрде сабақтардан қалып, оқу орнының ішкі тәртібіне бағынбағаны үшін мекемеге орналастырғанын жазған. Жауапкер ата-ана міндеттерін орындаудан іс жүзінде бас тартқан және материалдық көмек көрсетпейтіні туралы жазған»
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі
Сот дерегінше, баласын бағып-қағудан бас тартқан әйел ата-ана құқығынан айыру туралы талапты мақұлдаған және алимент төлеуге келіскен.
«Соттың шешімімен қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының талабы қанағаттандырылды. Жауапкердің ата-ана құқығы шектелді. Одан 2008 жылы туған кәмелетке толмаған ұлының асырауына оның жалақысының немесе өзге де табысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілді»
Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі
Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енген.
Дилара Иса