Ерзат Орынбек — Шымкентте ұйымдастырылған «Marathon 2025» шарасының қатысушыларының бірі. Ол мұндай жүгіруге бірнеше жылдан бері қатысады. Және спортты өз өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Бұл жолы да BBI компаниясындағы әріптестерімен бірге 10 шақырымдық қашықтықты еңсерді. Ерзат үшін марафон – тек шыдамдылық қана емес, дәстүр іспетті.
Жақында Шымкентте ерекше марафон ұйымдастырылды. Оған жүздеген адам атсалыса қатысты. Олардың бірі — Ерзат Орынбек. Бұл жолы ол BBI компаниясы атынан келді. Мұндай жарыстарға қатысу спортшы үшін әдетке айналған. Ол мұндай сайыста өткен жылы да бақ сынаған. Сондай-ақ Түркістанда өткен марафонға да қатысқан. Биылғы жүгіруді де өткізіп алмады. Бұл жолы Ерзаттың қатарына тағы төрт әріптесі қосылып, бірге мәреге шықты. Ол қазір жеткен өз нәтижесіне дән риза.
Ерзат Орынбек, марафон қатысушысы: «Біз командамызбен 10 километрді 48 минутта жүгіріп өттік. Өте жақсы қарқын ұстадық. Ешқандай орын алмасақ та, жүгіргенімізге көңіліміз толды. Өте жақсы жаптық. Бұл бізде төртінші марафон. Дәстүрді бұзбаймыз. Келесі жылы да қатысуды жоспарлап отырмын».
Марафонға қатысушының айтуынша, күнделікті жаттығулар оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Олар күн сайын дайындықты тоқтатпаған. Күнара саңғы сағат 5:00-де топ болып дендрологиялық саябаққа келіп жүгіреді, қалған уақытта спорт залда жаттығады. Ерзат Орынбектің сөзінше, мұндай тәртіп тек шыдамдылықты арттырып қана қоймай, жалпы физикалық денсаулықты нығайтуға, көңіл-күйді көтеруге және тәртіпті жақсартуға көмектеседі.
Мұндай адамдар табандылығымен және өз ісіне деген адалдығымен көпшілікті шабыттандырады. Олардың үлгісі спорттағы жетістіктер оңай келмейтінін, жүйелі еңбектің, тәртіп пен салауатты өмір салтына деген сүйіспеншіліктің нәтижесі екенін көрсетеді. Ең бастысы – жеңіс емес, қоғамдық марафонға қатысу екенін де ұмытпаған абзал.
Дилара Иса