Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралағаны үшін 9 жылға түрмеге жабылған Ернар Жиембайдың мылтығы кімге тиесілі? Бұған полицияның қандай қатысы бар? Полицияның қаруы Жиембайдың қолында қайдан жүр? Бұл туралы кеше мәжілісте ішкі істер министрі Ержан Сәденов не деді?
Ержан Сәденов, Ішкі істер министрі: «Иә, өкінішке қарай мұндай жайттар бар. Біреу бірдеңе сатты деуге келмейді. Мұнда салғырттық танытқан қызметкерлер болған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған. Тергеу аясында бәрін анықтаймыз. Яғни, кімнің кінәсі, қайда жойылуы керек болған, кім сатқан? Осы сұрақтардың бәріне жауап береміз».
Айта кетейік, 21 сәуір күні қала әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке қала әкімдігі ғимаратының маңында қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы 31 жастағы Ернар Жиембай 5 рет оқ атып, жаралаған еді. 4 айдан соң сот оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға түрмеге жатқан. Өткен аптада Берденов өз еркімен қала әкімі орынбасары қызметінен кеткен еді. Ол бұл қызметке ақпан айында келген болатын.
Дилара Иса