«Бір бала 7 үйірмеге қатысқан»: Тегін қосымша білімге қандай өзгерістер енді?

Шымкентте тегін қосымша білім беру ісіне өзгерістер енгізілді. Не өзгерді? Әкімдік бұрынғы жүйеден қандай кемшіліктер тапты? Жаңа жүйе ата-ана мен балаға не береді? Қызмет көрсетушілерге қандай талаптар қойылады? Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында әкімдік өкілдері кеңінен талдап берді.

Қазақстанның 6 аймағында қосымша тегін білім беру жүйесін жетілдіру үшін пилоттық жоба әзірленді. Осы аймақтардың ішіне Шымкент қаласы да кірген. Енді қосымша білім беретін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің тірлігі қатаң бақыланады және жасалған жұмысқа ғана ақы төленеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлім етті.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Неге біз бұл қадамға бардық? Өздеріңіз білесіздер, бізде орта білім беру тегін. Және міндетті. Бірақ ешбір жерде мемлекет қосымша білім беруге міндетті, оны тегін көрсету деген көрсетілмеген, Конситуцияда да, заңда да. Дегенмен біз осы мәселені қолға алып, мемлекет, үкімет тарапынан балаларды спорттық тұрғыдан, шығармашылық тұрғыдан, жетілдіру үшін мемлекет барынша көңіл бөліп отыр. Біз осыны дұрыс пайдаланып келдік пе? Әлде қалай пайдаландық деген сұрақ туындайды».

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда балалардың 96 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш 94 пайызға жеткен. Қосымша білімді балаларға мемлекеттік әрі жекеменшік мекемелер береді. Оған спроттық, шығармашылық және білім беру ісі жатады. Мұнымен бұрын 3 бірдей басқарма айналысса, енді тек білім беру басқармасына жүктелді. Сонымен бірге қалада 254 мың бала қосымша білім алып жүргені анықталған. Десе де қосымша білім беру мекемелерінің 90 пайызы қала орталығында орналасқан. Шымкент мегаполис болғалы қала аймағына 41 елдімекен қосылған. Бірақ ондағы балалардың басым бөлігі қосымша білімнен қағылған. Әкімдік осындай олқылықтарды анықтаған соң орнын толтыру амалына кірісіп кеткен, кемшіліктерді жою амалын тапқан.

Сәрсен Құранбек,  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «2 үйірмеге баратын балалардың саны 17 499 екен. 3 үйірмеге 2 859 бала барады екен, 4 үйірмеге – 446, 5 үйірмеге – 44, 6 үйірмеге – 15, 7 үйірмеге баратын 1 бала бар екен. Қызығы ол бала мектепке де тенниске барады, оқушылар сарайына да тенниске барады, спорттық тапсырыста да тенниске барады, осындай мәселелер бар. Енбі біз бұл жерде көрсеткеніміз жоқ, бірақ айта кетейік. Бізде универсалды, әмбебап, мамандар бар екен. Мына жерде суреттен сабақ береді, мында жүзуден береді, мына жерде домбыра үйретеді, мында дебатты, ораторлықты, шешендік өнерді үйрететін мамандарды таптық зерттеу барысында».

Енді не өзгереді? Бұл тексеріс бала мен ата-анаға не береді? Қала әкімінің орынбасары ендігі кезде баланың қосымша білім алуы ата-ананың бақылауына толық өтті деп сендіреді. Және баланың үйірмеге қатысқан күніне ғана төлем жасалады. Ал өзгеріс балаға қандай мүмкіндіктер ашты? Оның рөлі қалай өзгерді?

Сәрсен Құранбек,  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Енді бұл жердегі принцип ақша баланың артынан жүреді. Бұрын… өнім жеткізуші ваучерді өзі алатын. Қай баланы қабылдайды, қай баланы кіргізеді, қай баланы шығарады өзі білетін. Бұдан былай бұлай болмайды. Ваучер балаға беріледі. Бала кімді таңдайды 5 ай жүзуге бара ма, 6 ай дюдзоға бара ма, 10 ай волейболға немесе футболға бара ма өзі біледі. Ваучерді жоғалтпайды. 5 күннің ішінде рәсімдейді. Бір мекемеден екінші мекемеге өз қалауы бойынша өте береді».

Ендігіде қосымша тегін білім беру ісін, қаржысын әкімдік толық бақылауға алатын болды. Мысалы, бұрын үйірмеге баратын бір балалар үшін әртүрлі сомада ақы төленсе, енді бәріне бірдей айына 15 мың теңге беріледі. Ал ерекше білім беру қажет ететін балаларға 22 500 теңге болса, мүмкіндігі шектеулі балаларға 30 мың теңге бөлінеді. Сәрсен Құранбектің сөзінше, бұрынғы жүйеде ерекше балалар нараздан мүлде тыс қалған. Жаңа жобамен не өзгерді?

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бір ваучер- бір бала, яғни бір балаға бір орын ғана тегін беріледі. Мемлекет тарапынан. Келесісіне барамын деп жатса, мысалы, бала домбыраны не жүзуді таңдады, күресті, не суретті таңдады ол мемлекет тарапынан тегін қамтамасыз етілетін болады. Бөлінген бюджеттің аясында. Жүзуге барған бала сурет салуға барамын десе оны ата-ана өзі қамтамасыз етуі керек. Өйткені 1 бала 7 үйірмеге барған, Игілікте тұратын бала бірде бір үйірмеге бармауы дұрыс емес. Бұл әділетсіздік деп есептейміз. Осы тұрғыдан келгенде бір балаға бір орын ғана беріледі».

Қалада 13 мыңнан аса ерекше білімді қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бірақ бүгінге дейін олардың бірде біріне қосымша білім беру ұсынылмаған. Жоба қазірге 6 айға жасалған. Онда 45 мыңға жуық орын бар. Бюджеті 4 миллиард 39 миллион теңгеге жуықтаған.

Дилара Иса