Дәрігерлерге көмек

Шымкентте медицинаға заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Мысалы, қазір дәрігерлерге науқастарға дұрыс диагноз қоюға көмектесетін «Цифрлық ассистент» жобасы іске қосылған. Мұндай жобалардың пайдасы қандай? Дәрігерлен оны қалай қолданады? Келесі материалдан көрейік.

Шымкентте қалалық емханаларға «Цифрлық ассистент» жобасын енгізгелі дәрігерлердің жұмысы жеңілдей бастады. Жасанды интеллект дәрігерлердің науқастарға тез диагноз қоюға қолқабыс болады. Бұл нені өзгертеді?

№8 қалалық емхананың дәрігері Гүлжан Айтөреева өзге дәрігерлер сияқты цифрлық ассистент жобасы жұмысын жеңілдеткенін алға тартады. Оның жұмыс үстелінде бұрынғыдай науқастардың ем-домына қажетті медициналық құралдар бар. Онымен дәрігер әдеттегідей жұмысын істейді. Науқастың жай-күйін тексеріп біткенде оған цифрлық ассистент көмекке келеді. Басты шешім, жан-жақты диагностикалауға сеп болады.

Гүлжан Айтөреева, дәрігер: «Қазіргі таңда медицинада цифрлық жүйелендіру мәселесі бойынша бұл оның ішінде соған сәйкес жасанды интеллект бұл дәрігерлердің жұмысына өте ауқымды көмек көрсетуде. Дәрігерлер оны аса кең көлемде қолдануда. Толық диагностикалауға, диагностиканың уақытын тездетуге көмегі зор. Жасанды интеллект арқылы уақыт қысқарып жатыр».

Нақтырақ айтқанда, дәрігер науқастарға сұрақ қояды, тексеріп өзі анықтаған барлық ақпаратты арнайы бағдарламаға енгізеді. Соған сай жасанды интеллект лезде деректерді електен өткізіп, сараптап, жинақтап бірнеше диогнозды ұсынады. Дәрігер өзі көзбен көріп, қолымен ұстаған жайды ескере отырып жасанды интеллект ұсынған диагноздарды саралайды. Содан кейін ғана ем тәсілін анықтап, соңғы шешімді қабылдайды. Яғни мұнда басты шешімді дәрігер қабылдайды, ал жасанды интеллект оған көмекші болады. Өйткені «клиникалық ойлауды ешбір техника алмастыра алмайды» дейді мамандар.

Нелля Сабденова, №8 емхананың бөлімше меңгерушісі: «Дәрігер өз жұмыс орнында болады. Ал жасанды интеллект оның жұмысына қолдау көрсетіп, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Нәтижесі жақсы. Әрине, клиникалық ойлауды ешбір техника алмастыра алмайды. Науқастың жағдайын саралап, соңғы шешімді бәрібір дәрігер қабылдайды».

Шымкентте өзге аймақтар сияқты денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияны енгізу қолға алынған. Айталық, биылдан бастап Face ID жүйесі қолданыла бастады. Бұл не үшін қажет? Маңыздылығы неде?

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Face ID — бұл адамдар поликлиникаға жүгінгенде немесе дәрі-дәрмек алған кезде ешқандай жалған есеп болмауы үшін яғни дәрі-дәрмектер нақты адамдарға берілгенін дәлелдеу үшін қолданылады».

Шымкенттік мамандар медициналық технологияларды дамыту халықтың денсаулығын жақсарту үшін маңызды дейді. Мысалы, «Shymkent Hub» орталығы дәрігерлердің жұмысына дем беріп келеді. Онда медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін түрлі жобаларды қолға алған.

Жамшид Арипов, «Цифрлық ассистент» жобасының жетекшісі: «Бұл ауруханалар үшін де, науқастар үшін де тиімді жоба. Тұтастай алғанда, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсартуға сеп болады».

Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлер жасанды интеллектіні инсультті диагностикалау үшін пайдаланып жатқаны хабарланған. Бұл аурудың алдын алуға тиімді екені айтылған.

Дилара Иса