Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында футболдан турнир өтті

фото ШГБҚ

 

ҚР Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалының ұйымдастыруымен еліміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында шағын футболдан тартысты турнир өтті.
Аталған турнир соңғы үш жылдан бері дәстүрге айналып, жыл сайын медицина саласы мамандарының басын қосып келеді.

Бұл жолы Шымқалада өткен ауқымды спорттық шараға еліміздің әр өңірінен келген 14 команда қатысты. Турнирге ӘМСҚ-ның Алматы және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары бойынша филиалдары, сонымен қатар ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының» Алматы мен Шымкент қалаларындағы және Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы филиалдары қатысты. Бұған қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері де турнирде өз шеберліктерін көрсетті.

Жарыстың басты мақсаты – еліміздің Ата Заңы – Конституция күніне құрмет білдірумен қатар, сала мамандары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты арттыру.

Турнирдің ашылу салтанатында ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Ляззат Алимова мен Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қор филиалдарының басшылары мұндай іс-шаралардың саланың бірлігін арттырып, ұжымдар арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Жарыс нәтижесінде үздік үштік келесідей анықталды:
• 1-орын – Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Жетісу облыстық филиалы
• 2-орын – Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Қызылорда облыстық филиалы
• 3-орын – Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Жамбыл облыстық филиалы

Жеңімпаздар арнайы кубок және медальдармен марапатталды. Үздік ойын көрсеткен командаларға алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар, ӘМСҚ Қызылорда облысы филиалының қызметкері Нұрсұлтан Қыдырбайұлы «Үздік қақпашы», ӘМСҚ Алматы облысының қызметкері Жандос Абдыкеров «Үздік шабуылшы» және ӘМСҚ Түркістан облысы филиалының қызметкері Бекбол Жакипов «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша марапатталды.

Аталған спорттық сайыс сала қызметкерлерінің бірлігін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттау мен кәсіби қауымдастық арасындағы өзара серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосуда.