Екпе салдырып, тұмаудың алдын алайық

Фото: gov.kz

Тұмау және жедел респираторлы вирусты жұқпа тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Өте жұқпалы ауру. Тұмауды қоздыратын вирустар (микробтар) тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді.Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде,түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады.Сондай ақ тұмау вирусы науқастың ыдысы,сүлгісі,қол орамалы,кітабы және т.б. арқылы жұғады.

Тұмау салқын кезде жиі кездеседі. Кейде адамға суық тиіп,тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін.Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Аурудың жасырын кезеңі 1-4 күнге созылады.Тұмау кезінде науқастың денесі дел-сал болып,тамағы мен тыныс жолдары ашиды, дене қызуы көтеріліп (38-39 С-қа дейін), асқа тәбеті болмайды. Басы ауырып, бұлшық еттері сыздайды. Тұмау тигеннен кейін бірнеше сағаттан соң (кейде1-2 күннен кейін) мұрнынан су ағады, даусы қарлығып, жөтеледі, қақырық пайда болады, иіс сезуі нашарлап, көзі қызарады. Тұмау әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилерді қатты әлсіретеді. Баланың танауы бітеліп, демалысы қиындайды, мазасызданып, ұйқысы бұзылады.Тұмау ересек адамдар үшін де қауіпті, ол құлаққа, тамаққа, тыныс жолдары мен өкпеге зақым келтіруі мумкін.Тұмау вирусы күн сәулесіне және залалсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез қырылады.

Бізді толғандыратыны ЖРВЖ мен тұмауды қалай алдын алуға болатыны туралы білу.

Тұмау ауруының алдын алудағы негізгі шара вакцинация болып табылады. Сонымен қатар, организмді шынықтыратын емдер жасап, спортпен шұғылданған дұрыс. Тұмаумен және жедел респираторлы вирусты жұқпамен ауырған адам тез арада оқшауланып, медициналық көмекке жүгіну керек. Өзінше емделуге болмайды, дереу дәрігерге көрініп, емделсе үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды. Тұмаудың өршу кезеңінде адамдар көп жиналатын жерлерге бармаңыз, қоғамдық орындарда сирегірек болуға тырысыңыз және қорғаныс құралдарын қолданыңыз

(1 рет қолданылатын бетперде). Қолыңызды жиірек жылы сумен сабындап, мұқият жуыңыз. Өзіңізге дұрыс ұйқы және уақытылы тамақ ішуді қамтамасыз етіңіз.

Қосымша ретінде поливитаминдерді қабылдау арқылы ағзаның қорғаныш қабілетін арттыру керек.

Жоғарыда атап өткендей Тұмау ауруының алдын алудағы негізгі шара вакцинация болып табылады.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тұмауға қарсы вакцинациялау жыл сайын халықтың «осал топ» контингенттерін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 мамырдағы № ҚР ДСМ -47 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

Оларға: медицина қызметкерлері, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы өкпе, жүрек қантамырлары, бүйрек , бауыр және иммундық жетіспеушілік ауруларымен ауыратын ересектер мен балалар, әлсіз жиі ауыратын балалар және жабық мекемелердегі азаматтар(өйткені эпидемия болған жағдайда олар бірінші ауырып, басқаларға жұқпа көзі болуы мүмкін).

Тұмауға қарсы екпе салдыру — тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс болып есептеледі. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.

Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып, тұмауға қарсы егілу тиімді. Қазіргі тұмау вакцинасы бала үшін қауіпсіз. Алайда, жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, екпе салдыруға болмайды.

Егу жұмыстары қыркүйек айынан басталып қараша айына дейін жалғасын табады.

Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде!

Темірхан Алтынай Темірханқызы,

Әл-Фараби ауданы санитариялық-

Эпидемиологиялық бақылау

басқармасының эпидемиологиялық

бақылау және қадағалау бөлімінің

басшысы