Еңбек күні: Жәрмеңкеде 3500 жұмыс орны ұсынылды

Үшінші мегаполисте Еңбек күніне орай 3500 адамды жұмыспен қамтуға бағытталған «Еңбек – елдің мұраты» жәрмеңкесі өтті. 100 –ден аса маман іздеген кәсіпорындар мен еліміздің 4 облысынан да бос жұмыс орны ұсынылды. Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

 

Бақытжамал Кенжебекова заң саласының маманы. Ол 30 жасқа дейін банк пен прокуратурада жұмыс істеген екен. Дегенмен, декреттік демалыстан соң өзіне ұнаған жұмыс іздеуге шешім қабылдаған. Жәрмеңкеде жұмыс берушілердің ұсыныстарын тыңдаған соң Қостанай облысына көшіп барып, сонда жұмысқа орналаспақ ниетте.

Бақытжамал Кенжебекова: «Құқықтану. Яғни құқықтық білімім бар. Осы мамандық бойынша әкімшілікке немесе басқа да мемлекеттік органдарға жұмысқа баруға болады деп айтып жатыр. Сол бойынша барғым келеді».

Іс-шараға жергілікті кәсіпорындардан бөлек Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай өңірлері қатысып, жұмыс ұсынды. Мысалы, Қостанай облысы 500-ден аса дәрігер, инженерлік немесе механикаға байланысты жұмысшы мамандарды қарастырып отыр. Айтуларынша биыл 19 жанұядан 74 адам Шымкент қаласынан Қостанай облысына қоныс аударған. Мамандар мұндай отбасыларға барлық жағдай жасалынатынын айтады».

Мұратбек Әбдіков,  Қостанай облысы Мансап орталықтың басшысы: «Біздің бағдарлама бойынша үйдің 50 пайызына дейін төлеп бере аламыз. Оның сыртында аренда болатын болса 1 жылға дейін, одан бөлек бірінші көшіп келген жағдайда жанұясына алғашқы жәрдемақылар төленеді».

Жиында 100-ден аса кәсіпорындар тарапынан 3500-ден астам жұмыс орындары ұсынылды. Одан өзге еңбек кз порталында Шымкент қаласы бойынша жарияланған жұмыстар да қарастырылған. Мамандар өңірімізге жұмысшы мамандары тапшы екенін айтады.

Бекболат Нұрғалиұлы,  Еңбек мобильдік орталығынын директор орынбасары: «Қазіргі бізде Шымкент қаласында сұранысқа көп ие мамандықтар бұл құрылысшы мамандықтар, одан кейін мына тігінші мамандықтар былайша айтқанда мынау жұмысшы слесарь дейді, сантехник дегендер өте көп. Сәйкесінше бос жұмыс орындары да өте көп».

Еңбек күніне орай ұйымдастырылған жиында қала аумағында 15-20 жыл көлемінде еңбек еткен азаматтар алғыс хатпен марапатталып, оларға гүл шоқтары табыс етілді. Мамандар, осындай жәрмеңкелер еңбек тиімділігін арттырудың негізгі жолы дейді.

Ботакөз Әнуар