«Есікті ашқанда от лап етті»: Шымкентте тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінен өрт шықты. Оқиғадан зардап шеккен жеті адам ауруханаға жеткізілген. Тұрғындар әлдекімдер бірінші қабатта тұрған балалар арбасына от қойды деп күдіктенеді.

«Таңғы сағат бесте күйеубалам таңғы намазға тұрған. Сол кезде үйде қара түтін болып жатқан. Жанталасып бала шағасын көтеріп, есікті ашқан кезде лап етіп от беттерін күйдірген».

Бүгін таңсәріде Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен өрт шықты. Отты көріп, қара түтінге тұншыға бастаған тұрғындар бірін-бірі оятқан.

«Әрқайсысы бір-бір баладан ұстап далаға жүгірген. Бәрінің беттері, құлақтары, аяқтарына дейін күйген. Аяқкиімдерін қараңғыда таппай аяқтарына дейін күйіп, шаштарына дейін түсіп қалған».

Тұрғындардың айтуынша, өрт бір сәтте лап берген. Қайдан, қалай шыққанын білмей абдырап қалған жұрт балаларын құшақтап далаға шығуға асыққан. Бірі күйген, енді бірі есінен танып құлаған.

Айгүл Әбенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Есікті ашып қалсам өрт жанып жатыр ғой мына жерде. Есікті қайта жауып алдым. Далбасалап балама хабарластым. Миым істемей қалды. Өрт сөндірушілерді қалай шақыруды білмей қалдым. Басым қабылдамай қалды ештеңені. Бар білгенім, терезені аштым да көршілер шығыңдар, өрт» деп айқайлай бердім».

Оқиға кезінде бірінші қабатта жалдамалы пәтерде тұратын бір отбасының алты адамын күйік шалған. Жедел жәрдем қызметі оларды Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізген. Олар әп-сәтте, абыр-сабырда болған оқиғадан есін жинай алмай отыр.

Бейсенбай Тұрлыбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Оянып көзімді ашсам, үйдің бәрі түтін екен. Тез есікті ашқан едім, подъезд толық жанып жатыр екен.  Түтін болғанан кейін бұлар уланып қалмасын дедім да ойыма сол ғана келді. Оттан шығу керек болды. Сосын шықтым алып».

Диана Өтеева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күйеуімнің айқайлаған даусынан ояндым. Тұрыңдар, мына жақ өртеніп жатыр деді. Бірден кішкентайымды алдым да қолға түскен киіммен басына жауып, үстіне одеял бар еді соны жаптым да күйеуім бірінші мына екі кішкентайды алып кетті. Одан тағы үлкен баламыз бар 11 жасар, ол бірінші папасының артынан жүгірді. Мен шығайын десем ана жақ қатты өртеніп жатыр, біраз тұрып қалдым. Қорқып, өте алмай қалам ба деп. Күйеуім айқайлап тез шық деп, мына бөпемді алып шығып жатыр едім, подъездің есігі жабылып қалған. Мына қолыммен ашпақшы болып едім, содан қолым күйді, жабысып, зорға дегенде аштым. Сонда да бетімнің мына жақтарының бәрі күйіп қалды. Кішкентайларым күймесін деп алып шықтым орап. Ойладым, бүкіл бетім жанып кетті деп. Айқайлап, бетім, бетім деп».

Дәрігерлер отбасына алғашқы медициналық көмек берген. Оларды стационарлық емге жіберді.

Асылхан Мыңбосынова, Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы токсикология бөлімінің меңгерушісі: «Бүгін таңғы сағат жетіде Исмаилов 26 үйден 1 этажында тұратын бір отбасынан 7 адамды алып келді. 4 баласымен анасы. Әкесі және әжесі. Бәріне алғашқы көмекті көрсеттік. Кисларод бердік. Бәрін істедік. Жатудан бас тартты. Оларды үйлеріне қайтарып жатырмыз».

Өртті сөндіруге төтеншеліктер келген. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұрғын үйден 20 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның төртеуі — бала. Өрттен 8 адам зардап шеккен. Олардың бәріне медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілген. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр. Қазірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Әйткенмен тұрғындар үйдің кіреберісінде тұрған балалардың арбасына әлдекімдер от қойып кетті ме деп күдіктенеді.

Дилара Иса