Голливуд жұлдыздары Шымкентке келді

Шымкент қазақ киносының мерекесін әлемдік деңгейде қарсы алды. Қалада өткен Global Tech Wave конференциясы тек технология саласының емес, кино әлемінің де назарын аударды. Кристофер Шон мен Карл Чой қазақстандық кинематографияға жоғары баға беріп, бірлескен бастамаларға дайын екенін жеткізді. Отандық кино үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болған шара туралы алдағы сюжетте.

Голливудтың жас әрі дарынды актері, «Жұлдызды соғыстар» сериалы арқылы танылған Кристофер Шон қазақ жеріне келді. Ол Шымкентте өткен Global Tech Wave конференциясында сөз сөйлеп, өз тәжірибесін бөлісті, сондай-ақ қазақ мәдениеті мен кинематографиясын жақынырақ таныды. Актер Қазақстан киносына зор сенім артып, бірлескен жобаларға атсалысуға дайын екенін айтты.

Кристофер Шон, актёр, продюсер: «Global Tech Wave аясында Қазақстанға, Шымкентке келгенім – мен үшін үлкен қуаныш. Жас буынды шабыттандырып, олардың болашағына жаңа мүмкіндіктер сыйлау – басты мақсатым. Қазақстанға келген сәттен-ақ бұл елдің қонақжайлығын, дәмді асын, бай тарихын көріп, ерекше әсер алдым. Ұлттық кино күніне орай қазақ киносының 90 жылдығына арналған фильмді тамашалау – мен үшін тың тәжірибе болды. Мен Қазақстан киносының әлеуетін жоғары бағалаймын. Үнемі ізденіс, даму және тәжірибе алмасу – табыстың кепілі»

Әлемдік деңгейдегі шараның тағы бір айтулы қонағы – Голливудтан келген танымал продюсер Карл Чой. Кино мен ойын-сауық әлемінде 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп, талай жұлдызбен бірге жұмыс жасаған ол Қазақстанға ерекше ықылас білдірді. Карл Чой қазақстандық киноның әлеуетіне сенетінін айтып, болашақта жергілікті жобаларға қолдау көрсетіп, инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Оның ойынша, қазақ мәдениеті мен шығармашылық қуаты әлем жұртшылығын қызықтыра алады.

Карл Чой, продюсер: «Орталық Азияға алғаш рет аяқ басып отырмын. Ал Шымкентте өтіп жатқан Global Tech Wave – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның шынайы жылулығы, адамдардың мейірімі мен ашықтығы жүрегімнен орын алды. Қазақ киносының өзіндік даралығы ерекше сезім сыйлады. Бұл елдің бай мәдениетін жақынырақ танып, өз тәжірибеммен бөлісу мен үшін үлкен қызығушылық.

Конференция сахнасында тек баяндамалар емес, шынайы әңгіме өрбіді. Әлемдік кино жұлдыздары қазақстандық әріптестерімен емен-жарқын сөйлесіп, сұрақтарға жауап беріп, құнды тәжірибелерімен бөлісті. Кинорежиссер Ален Ниязбековтің ойынша, осындай жүздесулер қазақ киносына жаңа серпін береді. Ол әсіресе фольклор мен жергілікті тарихқа негізделген туындылардың әлемдік көрерменге қызықты болатынын атап өтті.

Ален Ниязбеков, кинорежиссёр: «Менің басымда жүрген болжамдар дұрыс шықты. Шетелдік әріптестермен пікір алмасқанда біз кинода фольклор мен жергілікті тарихқа көңіл бөлу керек екенін түсіндік. Кино – әдемі баяндалған оқиға ғой».

Идеялармен бөлісу, тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар – Қазақстан киносына жаңа мүмкіндіктер береді. Ал, Голливуд мамандарының назары еліміздің мәдениеті мен оқиғаларының әлемдік аудиторияға қызықты екенін көрсетті.

Лаура Бабас