Шымкентте сот мемлекеттік бағдарламамен қайтарымсыз грант алып беруге уәде етіп, 3 адамнан ақша алған 31 жастағы әйелді үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Сот оны жәбірленушілерден алған ақшасын қайтарып беруге міндеттеді.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мемлекттен қайтарымсыз грант алып беремін деп 3 адамды алдап соққан 31 жастағы әйелді үш жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ол жәбірленушілерден алаяқтық жолмен жиынтығы 8 миллион 6 жүз мың теңге алған деген күдікке ілінген.
Сот үкіміне қарағанда, айыпталушы жәбірленушілерге өзін халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейтін қызметкер ретінде таныстырған. Жәбірленушілерге және олардың туыстарына «Атамекен» бағдарламасымен 5 миллион және 1 миллион 50 мың теңге көлемінде жалпы есебі 32 миллион теңге грант алып беретінін айтып сеніміне кірген. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
«Төлебаева Райхан Смайлқызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Төлебаеваға «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 23 маусымдағы №195 VIII Заңының 3-бабы 2-тармағы 1) тармақшасы қолданып, жазаның мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын»
Сот кабинеті жүйесі
Айыпталушы жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Оның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеу уақытын екі жылға шегерді. Сотта айыпталушы жәбірленушілерден алған ақшасын қайтарғанын айтқан. Дегенмен сот оны келтірген шығынды өтеуге міндеттеді.
«Азаматтық жауапкер Райхан Төлебаевадан азаматтық талапкерлер Мәметөренің пайдасына — 2 700 000 теңге, Әділбекованың пайдасына — 2 800 000 теңге, Паязованың пайдасына — 3 100 000 теңге және мемлекет пайдасына 86 000 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін»
Сот кабинеті жүйесі
Айта кетейік, сот үкімі 15 қыркүйекте шыққан. Үкім заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса