Шымкент қаласында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді байланыстыру мақсатында кезекті жәрмеңке ұйымдастырылды. Іс-шараға түрлі сала өкілдері білім, медицина, құрылыс, өндіріс және ІТ компаниялары қатысты. Олар, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге ақпарат беріп, жұмысқа шақырды.
Мақпал Әуелбекова 34 жаста. Көпбалалы ана, бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздей келген. Балаларының кішкентай болуына байланысты ыңғайлы жұмыс орнын қарастырып отыр. Сонымен қатар, бес күндік кестемен қызмет еткісі келеді. Бұған дейін, бес жыл бойы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген.
Мақпал Әуелбекова: «Мен негізі жұмыссызбын. Мамандығым педагог. Уақытша біреудің орнына жұмыс істеп жүрмін. Балаларым кішкентай. Соған орай, бес күндік жұмыс күнге жұмыс іздеп жүрмін. Қазір мына жерден индустриальды зона жақта жұмыс көріп отырмын. Айлығы 160 мың теңге дейді. Алты күндік екен. Бірақ бес күнге де ыңғайлап сөйлесуге болады екен».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке еңбек нарығындағы белсенділікті арттыруға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Іс-шара аясында жүздеген азаматтар әлеуетті жұмыс орнын тауып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады дейді. Сондықтан,іс-шара әр аудан бойынша халықтың ортасына арнайы ұйымдастырылып отыр. Өйткені, көпшілік мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардан аздап хабарсыз екен.
Нағима Досанова, Еңбекші ауданы бойынша мансап орталығы басшысының м.а: «Осы Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарына, осы жерге жақын орналасқан индустриалды аймақ, «Жұлдыз» индустриалды аймақтарында ашылып жатқан жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру қарастырылған. Өздеріне лайықты жұмыс тауып, нәтижелі жұмыспен қамтуға атсалысып жатыр. Оның ішінде ірі компаниялардың ішінде 19 мекемелерді шақырғанбыз. Екінші мәселеміз, мемлекет тарапына қолдау. Субсидия алатын жұмыс орындарын толығынан түсіндіру. Себебі, тұрғындардың көбі толық ақпаратты білмегендіктен, қатысуы баяу болып тұр. Сондықтан, мамандарды халықтың ортасына алып келіп жатырмыз. Бізде жастар практикасы, келісімшарт бойынша, ұрпақтар келісім шарты бағдарламаларды түсіндіру».
Жәрмеңке барысында қатысушылар тікелей жұмыс берушілермен әңгімелесіп, бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат алды. Сонымен қатар, түйіндеме жазу, әңгімелесуге дайындық және еңбек нарығындағы өзекті мамандықтар туралы кеңестер берілді. Айта кетейік, жәрмеңкеге 20-ға жуық жұмыс беруші шақырылды. Жұмыс берушілер жәрмеңкеге келген тұрғындарға 100-ге жуық тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды.
Нұргүл Жолымбетова