«Інімді азаптап өлтірді»: Мақтааралда қалыңдығына барған жігіт ажал құшты

Мақтааралда көрші ауылдағы қалыңдығымен кездесуге барған 30 жастағы жігіт кісі қолынан қаза тапты. Туыстарының сөзінше, оны 6 жігіт өлімші етіп сабап, азаптап ауыл шетіне тастап кеткен. Артынша аудандық ауруханаға жеткізген. Төсекке таңылған жігіт 3 айдан соң қайтыс болған.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Қоңырат ауылының тұрғыны 30 жастағы Азиз Құралбаевтың туыстары ел президентіне үндеу жолдап, көмек сұрады. Олар бір жылдан бері әділдікке жете алмай жүр. Айтуларынша, Азиз Құралбаевты көрші ауылдың жігіттері сол ауылда тұратын қалыңдығына барғаны үшін ұрып-соғып, азаптаған. Ауыр соққыдан есін жоғалтқан жігіт 3 ай жан сақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған.

Оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Қалыңдығына барған жігітті ертеңіне туыстары аудандық аурухананың жансақтау бөлімінен тапқан. Айтулыранша, ауыр соққыдан Құралбаевтың сау тамтығы қалмаған.

Альмир Құралбаев, марқұмның ағасы: «Кірсем, Азиздің сау жері жоқ. Оң жағы қатты ісініп кеткен гематома болып. Көзінің айналасында қан ұйып қалған. Қап-қара ұйып қалған қан көгерген сияқты. Оң жақ қабырғасы да қап-қара. Тебе берген болуы керек. Ұйып қалған қан болып тұр. Ертеңіне байқадым, қолын темекімен күйдірген екен. Ұра берген соң оянбады, оятам деп темекімен күйдірген баланы».

Ал марқұмның туысы Мөлдір Үсенбаеваның сөзінше, Азиз Құралбаевтың өліміне 6 жігітің қатысы бар. Алайды сот алдында 4 адам жауап беріп жатыр. Ал екеуі куә ретінде танылған. Олар тергеу ісінің бұл шешімімен келіспейді.

Мөлдір Үсенбаева, марқұмның жеңгесі: «Қайным Құралбаев Азизды көрші ауылдың 6 жігіті ауыл шетіне алып барып, аса қатігездікпен аяусыз ұрып-соғу салдарынан қайным талып қалады. Сол жерде қайнымның үстіне қыс кезінде салқын су, аузына ішімдік құйып, тіпті алтауының бірі ояту мақсатында қолына темекі де басады. Ес-түссіз жатқан қайнымды сол жерге ауыл шетіне лақтырып кетеді».

Облыстық соттың дерегінше, іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Сот үкімі әлі шықпаған.

«Айыптау актісі бойынша 4 сотталушы бар. Екі сотталушы – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен, екі сотталушы 106-баптың 3-бөлігімен айыпталған. Қазіргі таңда жарыссөз бітті, судья кеңесу бөлмесінде»

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Десе де Азиз Құралбаевтың туыстары алғашында күдікке ілінген алты адамның екеуі жазасыз қалғанына ашынып отыр. Олар айтулы екі адамның құқық қорғау органдарында тамыр-таныстары болуы мүмкін деп болжап отыр. Екі жігіттің материалдың жағдайы жақсы болған соң жауапкершілікке тартылмай отыр дейді, туыстары. Сондықтан президентке, Бас прокуратураға бұл істі назарға алуын сұранып, үндеу жасады.

Дилара Иса