Инсульт бөліміне түскен 79 жастағы қария аман қалды

фото ШҚДСББҚ
 Жергілікті дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында тағы бір тұрғынның өмірі құтқарылды. 2025 жылғы 12 қыркүйекте Шымкент қалалық №2 ауруханасының инсульт бөліміне ауыр жағдайда түскен 79 жастағы науқасқа шұғыл түрде ота жасалды.
 Жақындарының айтуынша, науқас үйінде тамақтану кезінде кенеттен сөйлей алмай, сол жақ қол-аяғы жансызданып, есінен танып қалған. Жедел жәрдеммен дер кезінде жеткізілген кейуанаға мамандар бірден компьютерлік томография және қосымша зерттеулер жүргізді.
 Нәтижесінде сол жақ ұйқы артериясы сағасының 90%-ға дейін тарылғаны анықталды. Бұл – инсультке әкелетін аса қауіпті жағдай. Шұғыл түрде науқасқа эндоваскулярлы ота жасалып, артерияға стент орнатылды. Ота барысында қан ағымы қалпына келтіріліп, науқас есін жия бастады.
 Дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында артерия өткізгіштігі толық қалпына келді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, ол бөлімшеде емін жалғастыруда.