Шымкентте масаң күйде полиция қызметкеріне пышақ алып жүгірген кәсіпкерге қатысты үкім оқылды. Сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасын берді. Сотталушы айыбын толық мойындаған.
Шымкентте 37 жастағы кәсіпкер полиция қызметкерін балағаттап, доқ көрсеткен. Сот кабинеті жүйесінде жарияланған қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне қарағанда, оқиға 25 маусым күні түнде болған. Ішімдікке тойып алған кәсіпкер полицей арнайы шақыртумен қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында келгенде жанжал шығарған.
«Сотталушы Шодиёрбек Садыков масаң күйде алдына билік өкілі, атап айтқанда полиция қызметкері міндетін орындауға келгенін көре тұра оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөз айтып, әдепсіз түрде балағаттаған»
Сот кабинеті жүйесі
Полицейдің қарсылығына қарамай мұның бәрін сотталушының әйелі видеоға түсірген. Ал кәсіпкерді полицей медициналық мекемеге алып кететінін айтқанда оның киіміне жармасқан. Содан кейін пышақ алып жүгірген.
«Садыков Шодиёрбек Русланович Қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-бөлігінде, 380-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған Қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-бөлігі бойывнша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 157 280 теңге айыппұл, Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігімен 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалсын. Жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 300 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалсын»
Сот кабинеті жүйесі
Сотталушы сотта кінәсін толық мойындаған. Ол масаң күйде үйіне келіп, әйелін қызғанып жанжал шығарғанын айтқан. Оның әрекетінен шошыған әйел полиция шақырған. Полиция келгенде оны қорқыту мақсатында пышақ алып жүгіргенін жеткізген. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса