Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Алғашқы 22 шымкенттік сарбаз Маңғыстау облысына жол тартты. Жалпы 2 қазанға дейін Шекара қызметінің бөлімшелеріне шамамен 170 жас жігіт жөнелтілмек.
Бұл шымкенттік 22 сарбаз Маңғыстау облысында әскери борышын өтейді. Жастардың арасында Диас Әбдіхалық та бар. Оның айтуынша, бұл қадам – Отан алдындағы қасиетті борышты атқару ғана емес, сонымен қатар мемлекет ұсынған білімге қатысты артықшылықтарды тиімді пайдалану жолы.
Диас Әбдіхалық, Әскерге шақырылушы: «Қызметімді атқарып болған соң, грант иегері боламын деген ойдамын. Шекара қызметіне бара жатырмын. Әскер деген нағыз ерлерге тән жер деп ойлаймын. Бармаған жастар болса, келіңіздер».
2 қазанға дейін 170-ке жуық жас сарбаз шекараны күзетуге аттанады. Алдағы кезеңде олар Қарулы күштердің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше Жағдайлар Министрлігі мен Ұлттық ұланның сапына қосылмақ. Жалпы биылғы күзде елін қорғауға Шымкенттен 1500-ға жуық жігіт атсалысады.
Әбдіғабит Шегебаев, Шымкент қаласы ҚІД бастығы: «Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін. Бірінші кезекте біз шекара қызметін әскер қатарына жібереміз. Қазір әскер қатарына Маңғыстау обл Ақтау қаласына шекара қызметіне жіберіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз — жастардың бәрін отансүйгіштікке баулу, әскери патриоттық тәрбиеге, олардың сана-сезімі, өмірге деген құштарлығы, қазақ жері үшін оларға үгіт насихат жұмыстарын түсіндірдік».
Шара барысында департамент өкілдері жас сарбаздарға ыстық лебіздерін білдіріп, ел қорғау жолында төзімділік пен батылдық танытып, барлық сынақтан абыроймен өтуге шақырды.
Лаура Бабас