Мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысы 4 жарым минутқа созылды

Бүгін Мәжіліс пен Сенат екі ай демалыстан соң ресми түрде жұмысын бастап, бірлескен отырысын өткізді. Қос палата депуаттары мен Үкімет мүшелері бас қосқан ауқымды жиын небәрі 4 жарым минутқа созылып, ең қысқа уақытта ашылған сессия болып есте қалды. Жаз бойы сайланған өңірлерін аралап, елдің мұң-мұқтажымен танысып келген депутаттар парламентте мәселе көтеруге қазірден құлшынып отыр. Әнұран айтып тарқасқан қос палатаның алғашқы отырысы жайлы астаналық тілшіміз айтып берсін.

Ақорда, Үкімет пен Парламент палаталары ғимараттарының алды ала жаздай жөндеуде болды. Жұмысшылар тыным таппай істесе де, бәрібір күз қарсаңына бітіріп үлгере алмады. Бірақ оған қарап жатқан депутаттар жоқ. Екі ай демалыста ауыл-аймақты аралап, қоржындарын мінберде көтеретін мәселелерге толтырып келген. Қос палата жұмысын әдетте Мемлекет басшысының өзі бастап беретін. Бұл жолы Қытайда іссапарда жүргендіктен, бұл шаруа Мәжіліс төрағасының мойнына жүктелді.

Маусым соңында ғана үшінші сессиясын қорытындылаған қос палата 158 заң жобасын қарауға алғанын, оның 39-ын қабылдап үлгергенін мәлімдеген еді. Сөйтіп, қарымды жұмыс бітіргенін, әсіресе үш жылдық бюджеттің 40%-ын әлеуметтік салаға бөлдіргенін ерекшелеп айтқан. Соған қарамастан, ел ішінде «Парламент таратылады екен» деген қауесет өріп жүр. Бұл сөзден халық қалаулыларының өздері де хабардар.

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты: «Ондай қажеттілік жоқ әлі таратуға. Себебі, қазір елде, былай айтқанда, тұрақтылық, тыныштық. Ерекше қажеттілік жоқ. Қоғамда толқу болса, Үкімет пен Парламент арасында дағдарыс болса, әлде билік арасында келіспеушілік болса, бір сәрі. Ал тып-тыныш жатқан Парламентті таратудың қандай қажеті бар? Мен ойлаймын, ол тарату болады, бірақ ол 2027 жылға таман, бәлкім 2027 жылдың басында не аяғында Тоқаев мырзаның каденциясы бітер алдында болады»

Ел аралап келген мәжілісмендердің қай-қайсы да өңірлерден жиып әкелген елдік мәселелерін Мәжілісте көтеруге құлшынып отыр. Оның ішінде инфляция мен жұмыссыздықтан бастап, «СК Фармация» мен дауы көп МӘМС, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы субсидияға қатысты айтарлары бар. Әсіресе, жер дауымен ерекше көзге түсіп жүрген Бақытжан Базарбек Назарбаевтар әулетіне қатысты үлкен шағымын ақырына дейін жеткізетінін айтты.

Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаты: «Мен арызды дайындадым. Ол Динара Құлыбаеваның иелігіндегі жер. Ол Алматы қаласының шетінде, тау бөктерінде, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан жерде көшені толығымен алып алған. Жер кодексінің 26-бабын қатаң түрде бұзып, көшені жауып алған. Сондықтан бұл көшені жекеменшікке беру фактісі бойынша, заңсыз рәсімдеу, мемлекеттік тіркеу фактісі бойынша тексеріс ашылады және соған байланысты жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Осы жерді берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуға тиіс».

Әдетте қыркүйек басталысымен қос палатаның кезекті сессиясының ашылуында Президент Жолдауы жарияланатын. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне байланысты іссапармен Қытайда жүр. Ал Жолдаудың өзі бір аптадан кейін, 8 қыркүйекке жоспарланған. Сондықтан депутаттар келер аптада да осындай алқалы жиында тағы бір бас қосады.

Ербол Тұрымбет