Шымкенттегі №32 мектептің 9-сынып оқушысы өзіне-өзі қол салып, қайтыс болды. Кеше туыстары оның жаназасын шығарған. Марқұмның отбасы өлім себебін мектептегі әлімжеттіктен көреді. Ол ұялы телефонына 4 сыныптасының атын атап, енді ұра алмайтынын жазып қалдырған.
Шымкенттегі №32 мектептің 9-сыныбында оқитын 14 жастағы Ө.С. 3 қыркүйек күні үй ауласындағы қорада сабақ уақытында өзіне-өзі қол салып, қыршынынан қиылды. Марқұмның асылып тұрған денесін жұмыстан келген анасы көрген. Қара жамылған отбасы екі күннен бері ес жия алмай отыр. Есеңгіреп қалған анасы сүткенжесінің сыныптастарынан әлімжетік көргеніне сенімді.
Жанерке Жүнісбекова, марқұмның анасы: «Азанда ақ көйлегін киіп, «Мама, давай» деп әдемі болып кетті. Күліп тұрып кетті. Мен оның ондай жағдайға баратынын қайдан білейін. Мектепке барған, біреулер тиісе берген бе, апайынан сұрана берген. Мені жіберіңізші, жіберіңізші деп. Үш рет сұраныпты. Ал мен келдім жұмыстан. Есік құлыптаулы тұр екен. Үнемі үй артында бұзауларын байлап жүретін бала еді. Ештеңе болмаған. Монша жаға берейін, малдарға су құйып жүрдім. Ана есікке қарай барып қалсам, анда қап-қара болып асылып тұр ғой. Сурет болып. Сөйтіп бүйтіп қарадым да өзімнен өзім шошып кеттім. Тірі ме, өлі ме деп. Құшақтап сүйіп, табанынан сүйіп сөйтіп жатырмын мен. Аман алып қала алмадым ғой сені деп. Сөйтіп бәрін жауып қойды, болды».
14 жасар Ө-нісол маңда жүрген ауылдастары түсіріп алғанымен, оны аман алып қала алмаған.
«Бір ай ғана болды 14 жасқа толғанына. Мектеп формасын бір-ақ күн киді. Бір-ақ күн киді да қаралы хабар жетті».
Ө-нің әкесі 3 жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болған. Әкесінен айырылғаннан кейін оның мінезі тұйықталып кеткен. Марқұмның туыстары әлімжеттік сол кезден басталған болуы мүмкін деп отыр. Сөздерінше, бұдан бұрын ақша сұратқан, айтқанымен жүріп, дегеніне көнбесе таяқтың астына алған. Тіпті темекінің тұқылымен қолын күйдірген кездер болған екен. Бірақ оның бәрін баласы ішінде сақтап, анасына не ағасына тіс жарып айтпаған. Ал қайғылы оқиға болатыннан алдын туысқан ағасына қысым көріп жатқанын айтып, көмек сұраған.
Жанерке Жүнісбекова, марқұмның анасы: «Мектепке барады, сенің әкең жоқ деп балалар кемсітеді. Бұл – бір ма. Оның бәрі жиналады мына жеріне. Бір күні қыс ауасында жұмыстан келдім. Көңіл күйі жоқ. Маған ештеңе айтпайды. Кіреді, шығады, кіреді шығады. Қорқады айтпайды. Мен үндемедім, ертеңіне жұмысқа кетіп қалдым. Ертеңіне ауылдас келіншектің де баласы бар. Кластасы. Сол екеуін сарайдың төбесіне шығарып, ана бала темекі шеккен. Екеуін қорқытқан. Темекімен қолдарына басқан ғой. Сен бізге ақша тауып бересің. Маған темекі әкеп бересіңдер. Менің айтқаныммен жүресіңдер деп қорқытқан. Үйіңде не бар, ақшаң бар ма шығар деген.
Үйге келгенде телефонын көрдік біз. Телефонының экранында, паролін алмастырған екен. Міне, экран бетіне жазып кеткен.
«Доссымақтар, қуаныңдар. Екінші мені көрмейсіңдер. Ером сен адамдарды шақыстырма, Нурис сен де, Диас сен де, әркімнің артынан ерме, күшік құсамай Бағлан сен адам бол. Сосын барлығың енді мені ұра алмайсыңдар».
Марқұм өлер алдына жеке ұялы телефонының бетіне хат жазып қалдырған. 4 бірдей сыныптасының атын атап кеткен. Бұл болмаса өзіне-өзі қол жұмсады деп, істі жылы жауып қоя салатын еді дейді туыстары. Ал марқұмның соңғы хатында аты аталған оқушылардың ата-аналары тіпті кешірім сұрамаған.
Ұлболсын Сұлтанбек, марқұмның әпкесі: «Бұл әділ шешілсін. Әділ шешім шықсын. Танысы, көкесі-жәкесі бар деген болмайды. Менің бауырым бүгін өмірден өтті ма, ертең не болады? Қандай жағдай болады? Кім жауап береді оған? Мұғалімдер біз бауырымыздан айырылып отырмыз. Үйге келмей мұғалімдер. Бізді мектепке шақырып отыр. Маған айтқан еді, мен балалардың ешқайсымен араласпаймын. Неге, өйткені бәрі мені кемсіте береді. Бәрі мені шеттете береді деп айтатын. Біздің талабымыз әділ шешім шықсын. Барлық адам жазасын алсын. Бауырым өзінің күші жетпеген соң бізге қалдырып отыр. Бұл хат болмағанда біз кімге, не дәлелдейтін едік? Олар суицид деп жібере салады. Істі жаба салады. Ешкім ештеңе демейді оларға. Мен де осы мектепте оқып шыққам. Менің кезімде баланы қинау болған. Бір бірінен ақша талап ету болған. Міне қазір де тура сондай жағдайда менің інім қайтыс болып отыр».
Мектеп әкімшілігінің дерегінше, Ө. соңғы хатында аты аталған 4 оқушының марқұммен бірге бір сыныпта оқыған. Бірі – үздік оқушы, екі оқушының тәртібі – қанағаттанарлық, тағы бір оқушы мектепішілік және полицияның есебінде тұрады. Әйткенмен, мектеп әкімшілігі білім ордасында оқушылар арасындағы әлімжеттік пен ақша жинау дерегін жоққа шығарады. Бірақ қайғылы оқиға болған күні сыныптастар арасында түсінбеушілік болғанын растады.
Райхан Төлеева, мектеп директорының тәрбие ісі жөнінде орынбасары: «Бала өте сабырлы. Мінезі тұйықтау. Сабағы қанағаттанарлық. Ол ешкімге әлімжеттік көрсетіп, біреуден әлімжеттік көріп жатқанын мен көрген емеспін. Жазғы уақыттан бері бірімен бірі сөйлеспей жүрген екен. Неге сөйлемейсің деген өзара сөзі бар. Мектеп балаларының бүйтіп алып бара жатқан көшбасшылық сотқар мінезін мектеп қабырғасында көрген емеспін».
Марқұм Ө.С-нің туыстары кінәлілер жазасыз қалмаса екен дейді. Олар тергеу ісіне күдікпен қарайтынын айтады. Ал полиция оқиғаға байланысты қазірше ешқандай ақпарат берген жоқ.
Дилара Иса