Миллиардермен «баттл»! Ауыл баласы Тимур Турловпен шахмат партиясын ойнады

фото Айқанат

 

500 ауыл баласы IQanat қамқоршысы және Freedom Holding Corp атқарушы бас директоры Тимур Турловпен бірге ерекше күн өткізді. Кездесудің басында балалардың толқығаны сезілді. Олар тұтас индустрияларды өзгертіп , сәтті бизнес құрған және IQanat жастары үшін нағыз үлгі алар инноватор тұлғаға сұрақтарын қойып, оның кеңестерін тыңдайтын сәтті тағатсыздана күтті.

Тимур Турлов оқушылармен көшбасшылық, шешім қабылдауда батыл болу, жеке қаржыны жоспарлау мен инвестициялау қабілеті туралы ашық сөйлесті.  Оның кең әрі ауқымды ойлау мен өз күшіңе сену туралы сөздерін оқушылар асқан ықыласпен тыңдады.

Одан әрі балалар әлі ұзақ уақыт бойы есте сақтайтын оқиғаның куәсі болды. Олар Тимур Турлов пен Алматы облысы Өтеген батыр ауылынан келген оқушы Асыл Бектұрғанның арасындағы шахмат «баттлын» тамашалады. Асыл — нағыз талант, ол биыл жазда Нью-Йоркте халықаралық Copernicus математика олимпиадасында 3-орынды жеңіп алды. Асыл ауылдан шыққан қарапайым балаға бір күні Қазақстан шахмат федерациясының президентімен сүйікті ойынын ойнау мүмкіндігі туады деп ойламағанын да айтты. Бұл оның жүрек түбіндегі бір арманы болатын.

«Бұл партия менің жадымда мәңгі сақталып қалады. Тимур Турловпен шахмат ойнау — мен үшін үлкен құрмет. Мен IQanat-та бәрі де мүмкін екенін білетінмін, бірақ соңғы сәтке дейін бұл партияның болатынына сенбедім! Балалардың бәрі осындай шараларды ұзақ уақыт бойы еске алып жүреді. Біз үздік әлемдік бағдарламалармен оқуға мүмкіндік сыйлап қана қоймай, бізбен кездесуге уақыт табатын қамқоршыларға шексіз ризамыз», — деді Асыл.

Тимур Турлов жас шахматшыға қолдау көрсетіп, оны Алматыда 19 қыркүйекте өтетін шахмат бойынша балалар арасындағы әлемдік чемпионатқа шақырды . Бұл жарысқа 90 елдің шахматшылары қатысады.

Тимур Турлов білім беру бастамасына «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қолдау көрсетеді. Оның IQanat жобасына қосқан үлесінің арқасында жаңа оқу корпусы бой көтерді. Мұнда болашақ көшбасшылар — дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер және IT мамандары оқып жатыр. Балалардың өзі қамқоршылардың сенімі мен қолдауының арқасында бұл жол шағын ауылдан биік шыңдарға бастайтынын айтады.

Айта кетейік, IQanat — 230-дан астам қазақстандық кәсіпкердің білім беру мен ынталандыру арқылы ауыл балаларының алдында жаңа мүмкіндіктер ашуға арналған білім беру жобасы. Мықты бағдарламалардың арқасында IQanat түлектерінің 94%-дан астамы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грантпен түсуде, олар әлемнің 19 елінде білім алып жатыр.