Оқушылар автобусқа сыймай жатыр

фото ШӨКҚ

Шымкенте жаңа оқу жылы басталғаннан қоғамдық көліктерде жолаушылардың көбейгені байқалды. Әсіресе, жолаушылар арасында студенттер мен оқушылардың саны артты. Әлеуметтік желілерде автобустарға сыймай жатқан оқушылардың видеосы тарады. Арна тілшісі оқушылар сабаққа баратын және қайтатын уақытта автобусқа мініп, жағдайды бақылап көрді.

Бұл Тұран-2 ықшам ауданындағы мектептердің бірінің алдындағы аялдама. Түс уақыты, оқушылардың жаппай мектептен шығатын кезі. Мұнда сабаққа бара жатқан және сабақтан шыққан ондаған оқушы қоғамдық көлікті екі көзі төрт болып күтіп тұр. Күн ыстық, оған жел қосылған. Айнала шаң-тозаң.

Оқушылармен бірге тұрған ата-аналар ашулы. Айтуларынша, автобус саны аз. Уақытылы жүрмейді. Кейде тоқтамай өтіп кетеді.

«Міне, мынаншама адам қалай сыяды. Бір 17, 754 келеді қазір. Қараңызшы қаншама бала тұр. Ең аз дегені 40 минут күтеді автобусты. Осы тұрыста. Қазір менің осы жерде тұрғаныма 25-30 мин болды. Әлі жоқ, автобус. Мысалы, балаларға обал ғой. Қарындары ашып келеді».

«Менің көшіп келгеніме 9 айдай болды. Автобус өте сирек. Негізі көбейту керек. Өйткені балалар қысылады, сосын арасында ұзақ тұрып қалады. Кешігіп жатады. Таксиге жағдайы көтере бермейді ғой әрқайсысының».

«Кеше шықтық, 1 сағат тұрдық. Автобус жоқ. 75-ке зорға сыйдым. Ал балалар қалды».

Шамамен жарты сағатта 17 бағыттағы қоғамдық көлік келді. Жолаушылар әрең мінді. 40 адамдық автобустың іші лық толды. Ине шаншыр жер қалмады.

Адамның көптігінен автобусқа кіріп, шығу мұң болды. Кей аялдамада жолаушылар сыймай қалып жатты. Әр аялдамада жүргізуші абай болуға шақырып тұрды. Оның сөзінше, жолаушы көп, кей аялдамаға тоқтау мүмкін емес.

«Сыймай жатыр ғой. Көзбен көріп тұрсыз ғой, сыймай жатыр. Көрініп тұр ғой. Жартысы қалып кетіп жатқанын көріп жатырсыздар ғой, сыйғанша алып кетіп жатырмыз біз де, қолымыздан келгенше», — дейді жүргізушілер.

Кеше жаңа оқу жылы басталғалы әлеуметтік желіде оқушылардың қоғамдық көлікке сыймай немесе лық толы автобуста кетіп бара жатқаны туралы видеолар тарай бастады. Оқушылардың қоғамдық көлііте жүру жайымен қала әкімдігі таныс. Мұны бүгін өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те растады.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары: «Жалпы бұл мәселе былтыр да көтерілген, айтылған. Біз енді барынша жүзеге асырып жатқанымызды білесіздер. Толықтай бақылауымызда. Дегенмен час-пик дейді ғой, адам көп топтасқан кезде ондай жағдайлар болатыны рас. Бірақ сіз байқасаңыз, әр аялдамада хабарлама шығатын экрандарды іліп жатырмыз. Қай уақытта, қанша уақытта келетінін көрсетіп жатырмыз. Біз толығымен қамтып отырмыз. Бұл жерде мәселе жоқ. Бір сөзбен айтатын болсақ. Десе де келесі жолы мұны баяндап берейін, жарай ма?».

Жалпы Шымкентте 82 тұрақты бағыт бойынша мыңнан аса автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 79 бағыты әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде бекітілген.

Дилара Иса