Соңғы он жылда Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған науқастардың саны екі есеге артты. Бұл алаңдатарлық статистика. Осы себепті әртүрлі бағыттағы дәрігерлер бұл дертпен күш біріктіріп күресуді дұрыс деп санайды.
Шымкенттегі «Флебология және лазерлік медицина клиникасына» Рига қаласының офтальмологы Феликс Лукинс келіп, мекеменің бас дәрігерімен тәжірибе алмасты. Мамандықтары бөлек болса да, диабетпен күрес- ортақ мәселе. Дәрігерлердің сөзінше,бұл мәселені тек күш біріктіру арқылы тоқтатуға болады.
Феликс Лукинс, дәрігер: «Басқа саладағы әріптестерімен тәжірибе алмасу өте пайдалы. Әрқайсысы жаңа тәсіл енгізеді . Ал білімді бөлісу бұл әдістердің тез таралуына және науқастарға тиімді».
Доктор Лукинс 25 мыңнан астам науқасқа көздің көруіне ота жасаған білікті дәрігер.Оның айтуынша, қант диабетінің алғашқы белгілері көбіне көздің тор қабығынан байқалады. Кеш анықталған жағдайда ауру аяққа және басқа ағзаларға әсер етеді. Ақ халаттылар адамдардың көбіне ауруы асқынғанда келетіндігін айтады.
Феликс Лукинс, ОККО көз клиникасының негізін қалаушы және жетекшісі: «Диабеттің алғашқы белгілері көздің тор қабығында байқалады. Кейін дерт табанды және басқа ағзаларды зақымдайды. Әртүрлі саланың дәрігерлерімен ынтымақтастық аса қажет. Бірақ ол әзірге жеткілікті деңгейде дамымаған. Өкінішке қарай, көптеген науқастар бізге ауыр асқынулармен келеді».
Клиниканың бас дәрігері, қан тамырлары хирургі Рустам Келімбетовтің пікірінше, адам ағзасы — тұтас жүйе. Сол себепті тәжірибе алмасу және түрлі профильдегі мамандардың бірлескен кеңестері диагнозды жылдам қоюға және асқынуларды тиімді емдеуге көмектеседі.
Рустам келімбетов, «Флебология және лазерлік медицина клиникасының» бас дәрігері: «Біз тек қана қан тамырлары хирургиясымен айналыспаймыз. Біздің клиникада эндокринологтар мен нефрологтар жұмыс істейді. Диабеттік табанды емдейміз және офтальмологтармен тығыз байланыстамыз. Диабеттік ретинопатия — ең жиі кездесетін асқынулардың бірі. Сондықтан шетелдік сарапшылармен осындай кездесулер өте маңызды».
Іс-шара дөңгелек үстелмен аяқталды. Онда дәрігерлер өзекті мәселелерді талқылап, одан әрі ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. Болашақта шымкенттіктер үшін бірлескен қабылдаулар өткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, клиникаға үнемі шетелдік жетекші мамандар келіп, авторлық әдістемелері мен соңғы медициналық жаңалықтарымен бөліседі.
Ботакөз Әнуар