Қарияларға бір реттік көмек беріледі

Шымкент әкімдігі 1-қазан қарттар күніне орай қарттарға бірреттік әлеуметтік көмек береді. Бұл қандай көмек, оған кімдер ілінеді?

1-қазан қарттар күніне орай Шымкентте бірреттік әлеуметтік көмек беріледі. Бұл көмекті 70 жасқа толған және одан үлкен қарттар алады. Көмектің көлемі 3 айлық есептік көрсеткішті, нақтырақ айтқанда, 11 796 теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін қалалық коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлім етті. Қарттыр күніне орай тағы қандай көмек беріледі?

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Сонымен қатар бұдан басқа 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 айлық есептік көрсеткіш 7867 теңге көлемінде ай сайынғы ақшалай көлем түрінде жәрдемақы беріліп отыр. Жалпы өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылдан бастап, биылғы жылдан бастап қаламызда қала әкімінің шешімімен 70 жастан асқан асқар қарттардың барлығы қоғамдық көлікте тегін қатынауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қарттарымызға баспасөз басылымдарына жазылу түрінде әлеуметтік көмегіміз бар. Бұл да жарты жылдықта бір рет, жарты жылда бір рет көрсетіліп отырады».

Ресми мәліметке қарағанда, Шымкентте 99 мыңнан аса зейнеткер бар. Олардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, 1482-і Тыл ардагері. Зейнеткерлерге жыл сайын 7 мың орын шипажайларға тегін демалуға жолдама беріледі. Жолдаманы қала әкімдігі алып береді. Жолдаманы әкімдікке қарасты ізетті ардагер мекемесі таратады.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шымкент қаласында тіркелген зейнеткерлердің денсаулығын жақсарту мақсатында «Ізетті зейнеткер» мекемесі әр келімде 120 адам қабылдауда. Бұл мекемеде зейнеткерлерімізге ең қысқа мерзімде емделу үшін толықтай жағдай жасалған. Сонымен қатар көрдіңіздер, кеше үкімет басшысының орынбасары қарттарымызға белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды. Ондай төрт орталық бар бізде. Зейнеткерлеріміз осы орталықтарға келіп, өздері ән салып, би билеп, теннис ойнап немесе басқа да өз уақытын тиімді пайдалана алады, барлық жағдай жасалынған».

Баспасөз мәслихатында Сәрсен Құранбек алда келе жатқан «Еңбек күніне» орай жоспарланған жұмыстарға тоқталды. Бұл мереке жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде тойланғанымен, қалада атаулы мерекені атап өту басталып кеткен.

Дилара Иса