Бүгін Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев қала аумағындағы жол-көлік оқиғаларының қазіргі жағдайы және олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде брифинг өткізді.
Бүгінгі таңда әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жыл басынан бері мас күйде көлік құралын басқару бойынша – 139, қарсы бағытқа шығу бойынша – 108, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 970, ұялы телефон қолдану бойынша – 2350, қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша – 8547 жағдай, авариялық ақуал туғызу бойынша – 261 құқықбұзушылық анықталған.
Қала аймағында жылдамдық режимін бұзуды автоматты түрде тіркеудің 2 мобиьлді кешені — Ekin Patrol G2 қойылып, көліктер ағыны көп Шымкент-Самара тас жолы, Кентау тас жолы және Б.Саттарханов жолдарында жүргізілуде. Аталған жылдамдық режимін анықтайтын мобильді кешені құрылғыларымен күнделікті 200-ден аса жылдамдықты асыру құқық бұзушылықтары анықталуда.
Сонымен қатар, ішкі жолдардағы жағдайды, жол-көлік оқиғаларын алдын-алу мақсатында, күнделікті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Түркістан ҚПБ қызметкерлері жұмыс атқаруда. Әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері қала аумағында рейдтік іс шара ұдайы ұйымдастырылып, «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол!», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Назар аударыңыз балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары өтуде.

-Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша бірқатар алдын алу шаралары жүзеге асырылғанына қарамастан, жол-көлік оқиғалары орын алуда. Осы ретте жаяу жүргіншілердің белгіленген жерден өтіп, көлік жүргізушілерінің тәртіп сақтап, жылдамдықты асырмай, жолда мұқият болуын сұраймыз, -деп қорытындылады.