Құқықтық және психологиялық қолдау көрсету шаралары жүргізілді

фото ШҚӘДБҚ

 

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығында» «Отбасы құндылықтары және тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылар арасындағы байланысты берік ету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Ашық есік күні аясында орталыққа келген азаматтарға түрлі бағыттағы кеңес беру, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету шаралары жүргізілді. Іс-шараға әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылар, жалғыз басты аналар, толық емес отбасылар, сондай-ақ отбасында қиын жағдайларға тап болған азаматтар қатысты. Ашық есік күніне ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия мүшелері, Әділет департаментінің өкілдері және Шымкент ҚПД ЖПҚБ отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің өкілдері, медиаторлар қауымдастығы, Әкелер, Әжелер және Жас отбасылар кеңесі, Отбасы банк, орталық заңгерлері, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер қатысты. Шара барысында: Отбасылық құқық, Әлеуметтік қолдау шаралары, Жұмыссыздықты жою мүмкіндіктері, Тұрмыстық жанжалдарды шешу жолдары жөнінде кеңестер берілді.

Мамандар тарапынан ұсынылған көмектер: Құқықтық кеңес және сотқа дейінгі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары;Психологиялық көмек көрсету; Әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты бағыт-бағдар; Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы ақпараттық қолдау.

Іс-шарада отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайтудың маңыздылығы ерекше аталып өтіп, әрбір жанұядағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің қоғам дамуының негізі екені айтылды.

«Отбасын қолдау орталығы» мамандары мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын және көмекке мұқтаж азаматтарға жүйелі түрде қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, шара барысында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар туралы ақпарат беріліп, Әділет департаментімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ, шара барысында азаматтарға “Әділет” ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында іске қосылған жасанды интеллект туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында қатысушылар отбасын қоғамның іргетасы екенін атап өтті.