Сайрам ауданында 19 жастағы жігіт «оқушы қызды азғырды» деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Сайрам ауданында 19 жастағы жігіт кәмелетке толмаған қызды азғырғаны туралы видео тарады. Жігіт өз әрекетін мойындаған, ал полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Қызылқышлаққа ұшырасуға келдім. Қызылқышлақ балалары ұстап алды. Қызылқышлақтың балаларынан кешірім сұраймын».

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сайрам ауданының 19 жастағы тұрғыны 14 жастағы қызбен кездесуге келгенде ауыл жігіттеріне ұсталып қалғанын айтқан видео тарады. Онда жігіт қызды азғырып, одан жеке сурет, видео алған. Және кездеспесе оны таратамын деп қоқан-лоқы жасағаны айтылады.

«Тастаған сурет, видеоларды өшіресің бе? Иә өшіремін. Болды»..

Бейресми мәліметке қарағанда, зардап шеккен қыздың туыстары оқиғаға байланысты полицияға арызданған. Олар іс жабылып қала ма деп алаңдайды. Дегенмен, полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Айтулы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау бойынша шаралар қабылдануда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады»

Түркістан облыстық полиция департаменті

Полиция тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.

Дилара Иса