«Шапанды көлікке айырбастаймын»

Шымкентке ерекше саяхатшы келді. Қазақстанның бірнеше өңірін аралап үлгерген Алмас Тнебаев еліміздің үшінші мегаполисінде шапанды көлікке айырбастайтын жанды іздеп жүр. Ол саяхатында заттарды сатып алмай, айырбастау арқылы жалғастырады. Саяхатшының өзгеше айырбастау тәсілі мен ерекше көлігі туралы тілшіміз тарқатады.

Ақтөбеден Шымкентке электрлогнбордпен келген саяхатшыны байқамай өту мүмкін емес. 30 жастағы Алмас Тнебаев 7 мемлекеттті аралаған. Қазір ол Қазақстан қалаларында саяхаттап жүр. Ол Алматыға жол тартып бара жатып, «Отырар» телеарнасына аялдауды жөн көріпті. Журналистермен өз саяхатының ерекше идеясымен бөліскісі келген екен. Алмас сәттілікке және қазақстандықтардың шексіз жомарттығына сенімді.

Алмас Тнебаев, саяхатшы: «Менің мақсатым – 20 күн ішінде заттарды айырбастау арқылы машинаға жету. Алғашқы айырбас каска болды, оны киіп 5 елді араладым. Кейін мен оны Құран мен жайнамазға айырбастадым. Ал Түркістанда шапанға алмастырдым».

Қазір шапан үшінші мегаполисте жаңа иесін іздеуде. Ал жиһанкез алған затымен саяхатты жалғастырады. Саяхатшы сөзіне сенсек, ол өзіне жоспарлаған километрлерді жылдам еңсереді екен. Сырт көзге шағын чемодан көлеміндей көрінетін логнборд жүйіткіген кезде жылдамдығы автомобильден кем емес дейді.

Алмас Тнебаев, саяхатшы: «Бұл құрылғының жылдамдығы 60 км/сағ-қа жетеді. Толық қуатпен 70-80 км-ге дейін жолды жүре алады. Рұқсат бойынша ешқандай мәселе жоқ. Бұл скутер сияқты. Қалыпты зарядтау 02.30 сағатты алады. Мұны басқару оңай. Рөлдің орнына қалтаға сиятын кішкене басқару пульті бар».

Саяхатшының айтуынша, Қазақстанның қай қаласына барса да, жергілікті тұрғындар Алмасқа жанармай бекеттерінде де, дүкендерде де құрылғысын қуаттауға мүмкіндік береді екен. Ол өз сапары жайлы ақпаратты үнемі әлеуметтік желіге салып отыратынын айтады. Жазылушылары тіпті соңында көлікке айырбастай алады ма? Жоқ па деп бәстеседі екен.

Ботакөз Әнуар