Шардаралық есепшілерге үкім оқылды

Түркістанда Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне қатысты үкім оқылды. Іс бойынша 15 адам мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесін иемденіп алды деген күдікке ілінген еді. Олардың бірін сот рақымшылық заңымен босатса, 8 адамды сот залынан қамауға алуды бұйырды. Қалған сотталушылар түрлі жаза арқалады.

Бүгін Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен оның қол астындағы есепшілерге қатысты үкім шықты. Үкімді тыңдауға ондаған адам келді. Іс бойынша 15 адам мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесін қолды қылған деп айыпталған.

Олардың үшеуі Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталған. Қалғанына дәл осы баппен қоса «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен қосымша айып тағылған. Іс бойынша басты айыпкер деп танылған аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердіәлиеваны сот 10 жылға түрмеге жапты. 8 есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәурен Мадалиев, судья: «Шардара ауданының білім бөлімінің басшысына 10 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Есепшілерге 7 жыл”.

Судьяның сөзінше, білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарған 3 адам «Салғырттық» бабымен кінәлі деп танылды. Рақымшылық заңына 4 сотталушы ілінді. Олардың бірі келтірілген залалды толық қайтарған, үшеуі зейнет жасына жеткен. Оларға сот шектеу жазасы мен шартты жаза тағайындады. Түрмеге жабылғандардың ішінде екі әйелдің кәмелет жасқа толмаған балалары болуына байланысты, оларға жазасын 5 жылдан кейін өтеу белгіленді. Айыпталушылардың ісінде тергеу кезінде қайтыс болған әйел де бар. Сот оның кінәсі толық дәлелденді дейді.

Дәурен Мадалиев, судья: «Қылмыстық жолмен пайда болған мүлік мемлекет пайдасына өндірілді. Оның ішінде үйлер, пәтерлер, сонымен қатар қымбат автокөліктер. 20 шақты жылжитын, жылжымайтын мүлік. Сонымен қатар, сотталған тұлғаның меншігінде саудан орталығында алтын сататын орын болған. Оны да қылмыстық жолмен пайда болған деп сот мемлекет пайдасына өндірді”.

Сот үкімін тыңдауға жиналғандар көп болды. Сотталушылар өздеріне шығарылған жаза ны естігенде есеңгіреп, кейбірі тіпті көз жасына ерік берді.

Сот дерегінше, сотталушылардың кейбірі мемлекет қаржысын ішінара, кейбірі толық қайтарған. 15 сотталушының ең азы 22 миллион теңге, ең көбі 200 миллион теңге шамасында мемлекет қаржысын заңсыз иемденіп алған. Жәбірленуші сотқа сотталушылардың мемлекет ақшасын қайтарып беру туралы азаматтық талап қойғанымен, оның мөлшерін сот тергеуінде есептеп шығуру мүмкін болмаған. Сондықтан сот шығынды азаматтық тәртіппен өндірілсін деген тұжырымға келді. Сотталушылардың дені сот үкімімен келіспеді.

Құдайберген Маханов, сотталушының күйеуі: «Соттың шешіміне келіспеймін. Себебі қасында жүрмін ғой енді. Сонша ақша алғанын көрген емеспін. Жала жапты деп есептеймін. Біз апелляцияға береміз. Алған бір заты жоқ. Басшы болған тек».

Сот істі 2024 жылдың желтоқсан айынан бері қарап жатыр. Қылмыстық іс 730 томнан асқан. Жалпы Түркістан облысындағы 8 ауданда білім бөлімінің қызметкерлері бюджеттің шамамен 12 миллиард теңге қаржы жымқырған деген күдікке ілінген. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Дилара Иса