«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» айыппұл салынды

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» бәсекелестік туралы заң талабын бұзылғаны үшін 14 миллион теңгеден аса айыппұл арқалады. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлім етті. Сот заң талабын бұзды деп тапқанымен корпорация айыпты мойындамаған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» бәсекелестік туралы заң талабын бұзылғанын анықтады. Департамент дерегінше, корпорация «Казсбытгрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт түзген. Шарт талаптары заң шеңберінен шығып кеткен. Бұл арнайы тергеп-тексеру кезінде белгілі болған.

«Нақты айтсақ, корпорация мен «Казсбытгрупп» ЖШС арасында Шымкент қаласында корпорация басқаруындағы индустриалды аймақтарға электр энергиясын жеткізу жөнінде шарт жасалған. Шарт талаптарына сәйкес, аталған келісім бойынша серіктестіктің жалпы кірісінің 50 пайыздан астамы корпорация пайдасына аударылған»
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті

Бұл істі қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі ауданаралық соты қараған. Сот кабинеті жүйесіне ілінген сот қаулысына қарағанда, корпорация мұны табыс табу мақсатында жасаған. Корпорация электр энергиясымен жабдықтау қызметін көрсетпейді, тек оны ұйымдастырады. Әйткенмен, мекеме электр энергиясымен жабдықтауды үйлестіру және жеткізушіге мүмкіндік бергені үшін ақы алған. Яғни, корпорация нарық субъектілерінің және электрмен қамтамасыз ету бойынша тұтынушылардың құқығын шектеген.

«Shymkent» Әлуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-1 бөлігімен 14 660 886 теңге айыппұл салынсын. Айыппұлды, қаулы заңды күшіне енген күнінен бастап өз еркімен отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс”
Сот кабинеті жүйесі

Сотта «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тағылған айыппен келіспеген. Қаулы 9 шілде күні шыққан. Сот 10 күннің ішінде тараптарға апелляциялық шағым түсіруге болатынын ескерткен. Сот кабинетінде тараптардың апелляциялық шағым түсіргені жөнінде ақпарат жарияланбаған.

Дилара Иса