Шымкент қаласында халықтың денсаулығын қорғау және МӘМС шеңберінде медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында маңызды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда 1 миллион 265 мыңнан астам адамды құрайтын қала халқының 83%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өсіп, сақтандыру жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Сақтандырылмаған 222 520 тұрғынды жүйеге қосу бағытындағы жұмыс қарқынды жүргізілуде.
МӘМС жүйесіндегі осы және өзге де маңызды мәселелер Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен денсаулық сақтау саласының алқа отырысында талқыланды. Жиында ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова атқарылған жұмыстар мен басым бағыттар жайында баяндады.
Қор филиалының директоры атап өткендей, Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры медициналық ұйымдардың қызметін сапалы әрі жауапкершілікпен атқаруын қадағалайды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында қаладағы медициналық мекемелерде 200 мыңға жуық ақау анықталып, сапаны жақсарту мақсатында 700 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру тұрғысынан тұрғындардың құқықтарын қорғау мәселесі де басты назарда. Биылғы жылдың жарты жылдығында медициналық ұйымдарға қатысты 300-ден астам арыз-шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі секілді мәселелерге байланысты.
Кездесу барысында халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамту жұмыстарын күшейту, медициналық көмектің сапасын арттыру және тұрғындардың құқықтарын қорғауды күшейту негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Алқа отырысында сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жұмысы, инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы мен туберкулезге қатысты жағдайлар да қаралды.