Шымкентте экс- депутат «Қорлау» бабымен айыпталды

Шымкент қалалық мәслихатының бұынғы депутаты «Қорлау» бабымен күдікке ілініп, ісі сотқа өтті. Тағайындалған сот отырыстарына себепсіз келмеген оған полиция іздеу жариялаған.

Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиев «Қорлау» бабымен айыпталып жатыр. Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, ол қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты тағайындаған сот отырысына себепсіз 3 рет келмеген. Полиция үйіне барғанымен, оны таппаған. Содан кейін сот оған іздеу жариялаған.

«1976 жылы 2 желтоқсанда туылған Шымкент қаласы Қазығұрт мөлтек ауданы М.Төлебаев көшесінің тұрғыны Дәулетәлиев Қуаныш Амәрсейітовичке қатысты іздеу жариялансын. Ұсталғаннан кейін сотталушы сот мәжілісіне қатысуы қамтамасыз етілсін»

Сот кабинеті жүйесі

Дәулетәлиевті іздестіру шараларын ұймдастыру прокуратураға, қаулының орындалуы полицияға жүктелген. Содан кейін экс-депутатты іздеу туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болды.

«Аталған азаматқа қатысты қорлау жайты туралы арыз сотта қаралды. Ол сот отырысының күні мен уақыты туралы хабардар етіліп, міндетті түрде қатысуы қажеттігі туралы ескертілген. Алайда ескертуге қарамастан, сот отырысына келмеген.
Осыған байланысты сот оны күштеп алып келу жөнінде қаулы қабылдаған. Қаулының орындалуы Шымкент қалалық полиция департаменті Тұран аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне жүктелді. 2 қыркүйек күні азамат анықталып, сотқа жеткізілді»

Шымкент қалалық полиция департаменті

Қуаныш Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.

Дилара Иса