«Шымкентте 78 көлік өртенді»: Шығын көлемі 194 млн. теңге

Шымкентте жыл басынан бері 78 автокөлік отқа оранған. Мамандар өрттің негізгі шығу себебін электр сымдарының қысқа тұйықталуынан көреді. Күлі көкке ұшқан көліктердің басым бөлігі ескі дейді.

Шымкентте жол бойында жеңіл көлік өртеніп, артынан газ-ауа қоспасы жарылды. Құтқарушылар өртті сөндіру үшін көбікті оқпан атқан. Желіде тараған видеоларға қарағанда, өрт кезінде жан жағында адамдар болған. Ресми мәлімет бойынша, өрттен бір адам күйіп, ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккен адам денесінің 22 пайызын күйік шалған.

«Науқас бет, мойын, кеуде және қол аймақтарынан күйік жарақатын алған. Науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бет, мойын, дене және қолдарында I–III дәрежелі күйік анықталды. Диагноз: термиялық күйік I–III дәрежелі, 22 пайыз дене беткейі. Күйіктік шок I дәрежесі. Науқасқа инфузиялық, антибиотиктік және жергілікті ем жүргізілуде. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты»

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Департамент дерегінше, жыл басынан бері Шымкент аумағында 78 автокөлік өртке оранған. Өрттің негізгі себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

«2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласы аумағында автокөліктерде 78 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде: жеңіл автокөліктерде – 65 жағдай,
жүк көліктерде – 9, қоғамдық көлікте (автобус) – 1, ауыл шаруашылығы техникаларында – 3 өрт оқиғасы орын алған»

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті

Департаменттің есептеуінше, автокөліктердің өртенуінен 194 миллион теңге шамасында материалдық шығын келген. Өртенген көліктердің басым бөлігі ескі, нақтырақ айтқанда 1970–1990 жылдар аралығында шығарылған.

Дилара Иса