Шымкентте аяқ киім тігетін кәсіби мамандар даярланып жатыр

Шымкентте алғаш рет аяқ киім тігетін кәсіби мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Бұл бастама «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асып отыр. Бағдарлама Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде іске қосылды. Мақсат —  жеңіл өнеркәсіп саласына қажетті мамандар тапшылығын жою. Сондай-ақ, еңбек нарығына нақты қажетті мамандар даярлауға жол ашу.

Ақбота Нүркенқызы Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің екінші курс студенті. Ол, жастайынан аяқ киім тігу процесіне қызығушылық танытқан. Сондықтан, білім алып, шеберлігін шыңдамақ. Алдағы уақытта түрлі былғары түрлерінен сапалы спорттық аяқ киімдерді тігуді ниет етіп отыр.

Ақбота Нүркенқызы, студент: «Мен түрлі аяқ киімдерді көріп, өзім шығарғым келді. Олардың қалай пайда болатыны мені қызықтырды. Көптеген елдер шығарып жатыр. Неге менде шығармасқа деп ойладым. Спорттық аяқ киімді ойлап тапқым келеді».

Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжіне оқуға түскен студенттер, арнайы степендиямен қамтылмақ. Олардың ішінде ерекше жандар да білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы сурдоаудармашылар да қарастырылған.

Жаңа бағыт жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл, кәсіби техникалық білімнің беделін арттырып, еңбек нарығына нақты қажетті мамандар даярлауға жол ашады дейді колледж директоры. Айтуынша, өндірістік мамандықтар бойынша, жастардың қызығушылығы артып, бұл сала бойынша оқуға түсетіндердің саны артып келеді.

Гүлмира Тағаева, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры: «Аяқ киім ісіне сұраныс өте жоғары. Шымкенттен бөлек, Қазақстанда жоғары. Ол мамандық жоқ. Біз бірінші болып аштық. Бұл мамандық бар еді. Тек қана ерекше жандар үшін курс сияқты Алматы, Қарағанды дайындайтын бар еді. Ал, біз өндіріске бет алдық. Себебі, қала әкімі колледжге келгенде, қосымша бағыт ашу керексіңдер деп талап қойған болатын. Екі жыл деген ашуға мүмкіншілік болды».

Аталған жоба арқылы жұмыссыз жастарды кәсіпке баулу көзделіп отыр. 10 ай бойы білім алып, оқу орнын бітірген түлектер өз кәсібін ашып, отандық аяқ киім өндірісін дамытуға үлес қосады деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл колледжде білім алған жастар, келісімшарт арқылы фабрикада жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, бұл оқу орнында киім дизайнерлері, тігу, тоқыма мамандықтары бойынша да білім алып жатқан студенттер бар. Олардың дизайнерлік топтамалары көздің жауын алатын, этно, заманауи стильде дайындалған.

Елімізде де отандық дизайнерлердің туындыларына сұраныс артып келеді. Әсіресе жастар арасында заманауи ұлттық стильдегі киімдерге қызығушылық жоғары. Бұл отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына да оң ықпал етуде. Айта кетейік,аталмыш оқу орнында 2025-2026 оқу жылында 967 студент білім алмақ. Оның ішінде 66 құлақ естімейтіндер болса, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 25 студент бар.

Нұргүл Жолымбетова