Шымкентте әлеуметтік осал топтарға құқықтық көмек көрсетілді

фото ШҚӘДБҚ

Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығында» ашық есік күні өтті. Іс-шараның мақсаты – әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, соның ішінде жалғыз басты аналар мен толық емес отбасыларға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру.

Ашық есік күніне бірқатар сала мамандары қатысты. Атап айтқанда, Шымкент қалалық Әділет департаментінің Жеке сот орындаушылардың ұсыныстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімінің басшысы Қ. Қыстау, Шымкент қаласының Заң консультанттары палатасының заңгері Н. Мырзабай, «Отбасын қолдау орталығының» заңгері М. Тұрғанбек, сондай-ақ Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Д. А. Сахибекова қатысып, азаматтарды қабылдады.

Іс-шара барысында қатысушылар: әлеуметтік көмекке қол жеткізу жолдары, алимент өндіру мәселелері, құқықтық және психологиялық көмек көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу, зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты түрлі бағыттар бойынша кеңес беріп, өз салаларына қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.

Ашық есік күніне келген аналар мен азаматтар мамандардан жеке қабылдау, құқықтық түсіндіру және әлеуметтік бағыт-бағдар алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалы аналардың құқықтары мен қорғалу деңгейі жөнінде маңызды ақпараттар ұсынылды.

Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар мен тиісті мекемелер арасында тиімді байланыс орнатып, көмекке мұқтаж азаматтарға нақты әрі сапалы қолдау көрсету. Аталған шараға қатысушылар әлеуметтік осал, жалғыз басты аналар, толық емес отбасы мүшелері және түрлі бағытта өзекті мәселелері бар аналармен кездесіп өз саласы бойынша көмектерін көрсетті.