Шымкентте болашақ сарбаздарды тәрбиелеуге арналған Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж ашылды. Салтанатты рәсімге еліміздің қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, айтулы шараның мән-маңызын айшықтай түсті.
Шымкентте әскери колледж ашылды. Жаңа оқу орны курсанттарға сапалы білім алуға, әскери машықты жетілдіруге арналған толыққанды жағдаймен қамтамасыз етілген. Салтанатты жиында дәстүрге сай генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Қорғаныс министрі сөз сөйлеп, жиналғандарды маңызды оқиғамен құттықтады.
Дәурен Қосанов, ҚР Қорғаныс министрі: «Колледжге ерекше миссия жүктеліп отыр. Ол міндет – қиын жағдайларда шешім қабылдауға, кәсіби және жауапкершілікпен әрекет етуге қабілетті жоғары білікті сержанттарды даярлау. Құрметті ұландар, сендер өз өмірлеріңді әскери қызметке, тәуелсіздікті қорғауға және қазақстандықтардың бейбіт өміріне арнауға таңдау жасадыңдар. Сөз бен іске адал, әскери антқа берік, отан қорғаушы болады деп сенемін. Ал колледж қабырғасында оқыған жылдар сендерді әскери мансапқа, жетістікке жетуге негіз болады деп ойлаймын»
Салтанатты жиын барысында қорғаныс министрі өз ризашылығы ретінде Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке «Ел қорғаны» медалін табыс етті. Ол ұстаздар мен командирлерге болашақ сарбаздардың бойында ұлттық рухты, отансүйгіштік пен адамгершілікті дарытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ал, жас сержанттарға министр берік денсаулық, оқу мен әскери қызметте жеңіс, әрі еліміздің тәуелсіздігі жолындағы толағай табыс тіледі.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Болашақ әскери қызметшілерге ізгі тілегімді арнап, оқуда табандылық, рухтың беріктігі және әскери борышқа адалдық тіледім. Олар Отан қорғаушылардың даңқты дәстүрін лайықты жалғастырып, Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қосатынына сенімім мол».
Іс-шара кезінде үздік әскери қызметшілер марапатталып, олардың еңбегі ерекше аталып өтті. Колледж ұландары қонақтар алдында сап түзеп марштап, әскери техника қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыстың шеберлігін көрсетті. Көрсетілімнен соң қонақтар оқу орнының барлық инфрақұрылымымен танысып, оқу корпусы мен казарманы, кітапхана мен мұражайды, спорттық және тұрмыстық нысандарды аралап көрді.
Лаура Бабас