Шымкентте әскери міндеттілердің арнайы оқу-жаттығу жиыны басталды

фото ШГБҚ

 

Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасында әскери міндеттілермен арнайы оқу-жаттығу жиынының ашылуы өтті. Тоқсаннан астам шымкенттік әскери міндетті он күнге «Ақтас» оқу-жаттығу полигонына аттанды.

Жиынның негізгі мақсаты – әскери практикалық дағдыларды жетілдіру, әскери даярлықтың қажетті деңгейін қолдау және әскери міндеттілердің жауынгерлік қолдануға дайындығын қамтамасыз ету.
Арнайы жиынға қатысушылардың бірі – Мақсат Юлдашев. Ол Шымкент қаласындағы №124 жалпы орта білім беретін мектебінде физика пәнінің мұғалімі. 31 жастағы запастағы лейтенант 2013 жылы Батыс Қазақстанда әскери кафедрасында әскери білім алған. Бұл оның алғашқы оқу-жаттығу жиыны.
– Әскери жиынға келудегі мақсатым – әрбір азаматтың қасиетті борышы болып саналатын Отан қорғау жолындағы жауапкершілікті сезіну. Осы он күндік жиын барысында әскери тәжірибемді шыңдап, білімімді толықтырып, болашақта Отанды қорғауға дайын болғым келеді, – дейді ол.
Аумақтық қорғаныс бригадасының күзгі арнайы тактикалық оқу-жаттығуға 93 әскери міндеттіні қабылдады. Олар 17–26 қыркүйек аралығында «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік дайындықтан өтеді. Әскери міндеттілер арнайы жиынға әр бес жыл сайын шақырылады.
Әскери бөлімнің командирі полковник Бақытжан Әшімовтің айтуынша, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес сабақтарды тәжірибелі нұсқаушылар мен офицерлер өткізеді. Бұл үшін «Ақтас» полигонында барлық жағдай жасалған: жатын орын, асхана, оқу сыныптары дайын.
Арнайы оқу-жаттығу жылына екі рет – көктемде және күзде ұйымдастырылады. Биыл көктемгі жиынға 200-ге жуық әскери міндетті қатысқан болатын. Жауынгерлік даярлық кезінде әскери міндеттілердің негізгі жұмыс орны мен жалақысы сақталып, олар киім-кешекпен және тамақпен толық қамтамасыз етіледі.