Шымкентте ерекше жандар арасында тоғызқұмалақ пен шахмат ойындарынан сайыс өтті. Додада 14-35 жас аралығындағы 30 адам бақ сынады. Ресми мәлімет бойынша, қалада соқырлар қоғамына 300-ден аса адам тіркелген. Іс-шараның мақсаты ерекше жандардың талантын ашу, оларды спортқа бейімдеу және қоғаммен байланысын нығайту.
Айдана Ермағанбет биыл Ақтауда өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатының 1 орын жүлдегері. Ол бұған дейін де талай жүлделі орындардан көрінген. Айтуынша, тоғызқұмалақта жүріс тек алға жасалынады. Сол секілді Айдананың да өмірлік ұстанымы жаңа белестерге ұмтылу.
Айдана Ермағанбет, сайыс қатысушысы: «Тоқызқұмалақ ойынын көп көретін адамдарға қызық. Көзі көрмейтіндер қалай ойнайды деп. Ол қиын емес. Мына жерде бізде бір ұяшықта 9-дан тұрады. Соны қолмен санап, сипап сеземіз гой. Соны алып былай салып ойнай береміз. Одан кейін біз қолымызбен санап жұп, тақ екенін білеміз.Солай ойнай береміз».
Ұйымдастырушылар үстел ойындары өзге спорт түрлеріне қарағанда балалар үшін жеңіл әрі ыңғайлы дейді. Мұндай жарыстар олардың ойлау қабілетін арттырып, шыңдайды. Әрі жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге сеп болады дейді.
Марат Пірімжанов,Қазақ соқырлар қоғамының Шымкент филиалы төрағасы: «Спортқа деген ықылас жастарда белсенді. Стол үсті ойындары бізге мынау нағыз көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге қоғам мүшелеріне өте қолайлы. Оның ішінде жеңіл атлетика тб бар. Бірақ көбі шахмат пен тоғызқұмалаққа өте белсенді деп айтайын».
Сайысқа 14-35 жастағы 30-ға жуық жас қатысты. Жарыс қызу әрі тартысты өтті. Турнир жеңімпаздарына ақшалай жүлделер қарастырылған. Сайыс ерекше жандардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, ынталандырады.
Дана Истаева, №19 мүгедектігі бар спорт мектебінің оқу ісі жөнінде орынбасары: «1 орын– 150 000, 2 орын–100 000, 3 орын 50 000. Бұл жүлде қорын бізде жастар орталығы тарапынан беріліп жатыр. Жарысқа 30-ға жуық қатысушы қатысып жатыр. 14-35 жас аралығында».
Тоғызқұмалақ, шахмат – ақылдылар сайысы. Ерекше жастар үшін бұл тек логика мен есепке баулитын ойын ғана емес. Мұндай іс шаралар олардың қоғаммен байланысын сақтап, әлеуметке бейімделуіне жол ашатын құрал.
Ботакөз Әнуар