«Шымкент жүрек орталығы» базасында еліміздің медициналық ғылымы үшін маңызды оқиға орын алды. Мұнда «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер орталығы» ашылды. Жаңа мекеме ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен өз жұмысын бастады.
Шымкентте «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер орталығы» іске қосылды. Бұл – Қазақстандағы медициналық ғылымды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тың бастама әрі өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға жасалған маңызды қадам болып отыр. Айта кетейік, орталықтың ашылуы мекеменің 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.
Жаңа орталықтың ашылуына бастамашы болған – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі ғалым, танымал кардиохирург Юрий Пя. Оның айтуынша, орталық академияның тікелей қолдауымен құрылған және өңірдегі алғашқы медициналық-зерттеу мекемесі болып саналады. Болашақта мұнда жүрек-қан тамыр ауруларын ерте диагностикалау, алдын алу және тиімді емдеудің инновациялық әдістері әзірленеді. Сондай-ақ, орталық Қазақстанның цифрлық денсаулық сақтау жүйесі мен тұрақты урбанистика саласында халықаралық әріптестікке жол ашпақ. Сондықтан, мұндай орталықтың Шымкентте орналасуы өте маңызды дейді мамандар.
ҚР ҰҒА академигі, UMC корпоративтік қорының басқарма төрағасы: «Біріншіден, Шымкент – үшінші мегаполис әрі қарқынды дамып келе жатқан қала. Халық саны да жыл сайын артып отыр. Сондықтан осындай орталықтың мұнда ашылуы құптарлық. Екіншіден, мұндай ғылыми-зерттеу мекемелері тек Алматы мен Астанада болуы міндетті емес. Өңір тұрғындары өз аймағында заманауи ем алып, артық сапар шекпегені дұрыс. Бұл бастама басқа өңірлерге де серпін береді деп ойлаймын».
Орталықтың басты ерекшелігі – медицина, экология, урбанистика, психология және цифрлық технологияларды біріктіретін пәнаралық тәсілге негізделуі. Яғни, мұнда тек ауруды емдеуге емес, оны алдын ала болжау мен дер кезінде сақтандыруға басымдық берілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл – болашақ медицинасында шешуші рөл атқаратын бағыт. Сонымен қатар, бастама Қазақстанның цифрлық денсаулық сақтау жүйесі мен тұрақты урбанистика саласында халықаралық қауымдастықпен ықпалдасуына жол ашады.
Нұргүл Жолымбетова