Азаматтардың құқығын қорғауда медиацияның қосар үлесі қомақты. Дауды бейбіт жолмен шешудің тиімділігі де жоғары. Қазіргі уақытта азаматтық құқық саласында туындайтын дауларды шешуде медиация институтының маңызы артып келеді. Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда бұл тетік тиімділігімен ерекшеленеді. Дауды бейбіт жолмен, тараптардың өзара келісімі арқылы шешу – қоғамда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына септігін тигізеді.
Медиация – бұл тараптардың өзара ымыраға келуіне мүмкіндік беретін, бітімгершілікке негізделген баламалы тәсіл. Оның басты артықшылығы – уақыт пен қаржыны үнемдеу, тараптардың арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу, дауласушы тараптардың өздері шешім қабылдауына жол ашу.
Келісімдер тек даудың мән-жайын шешіп қана қоймай, тараптардың өзара сеніміне негізделген бейбіт қарым-қатынасын сақтап қалуға ықпал етеді. Сонымен қатар, сот жүйесінің жүктемесін азайтып, әділеттілікті кешіктірмей жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда медиация институтын дамыту үшін заңнамалық база да жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. «Медиация туралы» Заң аясында жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен дауларды шешудің нақты тетіктері қарастырылған. Бұл – еліміздегі құқықтық мемлекет қағидаттарының жүзеге асуына жол ашатын маңызды қадам.
Бір ғана мысал, жуырда Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында материалдық шығынды өндіру бойынша қаралған азаматтық іс сот медиациясы тәртібімен бейбіт жолмен реттелді.
Талап қоюшы С. жауапкер А.-ға қарсы жол-көлік оқиғасы салдарынан келген 1 888 151 теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген болатын. Сот отырысы барысында тараптар өзара мәмілеге келуге ниет білдіріп, дауды сот медиациясы арқылы шешу туралы келісім жасасты. Сот аталған келісімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтінін, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын анықтап, келісімді бекітті.
Келісімшарттарына сәйкес, жауапкер А. талап қоюшыға 2025 жылдың 10 қазанына дейін бастапқы 300 000 теңгені, кейін әр айдың 10-на дейін 50 000 теңгеден төлеп отыруға міндеттелді. Бұл төлемдер 2027 жылдың наурыз айына дейін толық өтелуі тиіс. Тараптардың келісімге келуіне байланысты азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж сомасы қайтарылды.