Жуырда Шымкент қаласында қалалық прокуратураның бастамасымен құқық қорғау органдары басшылары мен жеке құрамының қатысуымен көшпелі ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңеске қала прокуроры Ғабит Мұқанов төрағалық етті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қылмыстық іс жүргізудің сапасын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру.
Кеңес барысында құқық қорғау қызметінің өзекті бағыттары талқыланды. Атап айтқанда: Күдіктілерден жауап алу барысындағы жүйесіздік пен бірізділіктің жоқтығы; ҚПК-нің 200-бабы аясында берілетін ұсынымдардың мазмұны мен сапасы, Қоғамдағы қауіпсіздікті болжауға мүмкіндік беретін «Қылмыс картасындағы» деректердің дұрыстығы осы және өзге де маңызды мәселелер талдау нысанына айналды.
Кеңестің қорытындысы бойынша Ғабит Мұқанов құқық қорғау органдарына бірқатар жүйелі тапсырма жүктеді. Атап айтқанда: Жауап алу үшін бірыңғай, тиімді сұрақтар тізбесін әзірлеу арқылы тергеудің сапасын арттыру; Қылмыстық процестегі ұсынымдардың нақтылығына және негізділігіне баса назар аудару; «Қылмыс картасындағы» ақпараттың толықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету, өйткені ол деректерге сүйене отырып, талдау мен шешімдер қабылданады; Қаланың «қауіпті нүктелеріне» (қылмыс жиі тіркелетін аймақтарға) талдау жүргізіп, мақсатты рейдтік шаралар ұйымдастыру; ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және ақпарат алмасуды жетілдіру.
Кеңесті қорытындылай келе, қала прокуроры Ғабит Мұқанов құқық қорғау органдары қызметінің басты бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін ерекше атап өтті.
Отырыста сөз алған өзге де ведомство басшылары мен мамандар бірлескен әрекет пен ақпараттық ашықтықтың маңызын атап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алуда тек полицияның немесе прокуратураның жұмысы жеткіліксіз – бұл барлық құқық қорғау құрылымдарының бірлескен, үйлесімді жұмысы нәтижесінде ғана іске асады.
Шымкент қаласы құқық қорғау органдарының көшпелі кеңесі – тек қызметтік кеңес емес, ол – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа сапалы деңгейіне шығуға бағытталған маңызды қадам. Қабылданған шешімдер мен тапсырмалар құқықтық тәртіпті сақтау ісін күшейтіп, қылмыстың алдын алу жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.