Шымкентте сотталған азаматтарға арналған құқықтық көмек акциясы өтті

фото ШӘДБҚ

Шымкент қаласы Әділет департаментінің ұйымдастыруымен №54 түзеу мекемесінде сотталған азаматтарға арналған құқықтық көмек көрсету акциясы өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды толғандырған құқықтық мәселелер бойынша нақты жауап беру.

Акция барысында сотталғандарға әлеуметтік және құқықтық бағыттағы кеңестер берілді. Мамандар азаматтық, отбасы, еңбек, тұрғын үй құқықтары, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша сауалдарға жауап беріп, практикалық көмек көрсетті.

Іс-шараға Шымкент қаласының тәжірибелі заңгерлері мен құқық қорғау саласының өкілдері белсене атсалысты. Атап айтқанда: АдвокатС. Анарқұлов, НотариустарР. Ерімбетова және Т. Ескеров, Заң консультанттарыА. Сексенбаева, Т. Анарбаев, А. Кесебаева, Р. Жусеев, Жеке сот орындаушыН. Анарбеков.

Шараның ашық әрі еркін форматта өтуі қатысушыларға өз мәселелерін бүкпесіз айтуға мүмкіндік берді. Құқық қорғаушылар әрбір сауалды мұқият тыңдап, нақты заңнамалық нормаларға сүйене отырып жауап қайтарды.

Әділет департаментінің өкілдерінің айтуынша, мұндай акциялар қоғамның барлық мүшелеріне, оның ішінде жазасын өтеушілерге де құқықтық қолжетімділік пен қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкент қаласы Әділет департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, құқықтық мәдениетті арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға күш салатын болады. Қоғамнан шеттеп қалған жандарға барынша қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылп жатқан шараның көрсетер көмегі көп болып тұр.