Шымкентте Заң клиникасы ашылды: Студенттер халыққа тегін құқықтық көмек көрсетеді

фото ШҚӘДБҚ

 

Бүгін Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Заң клиникасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл бастама – құқық саласындағы білім мен тәжірибені ұштастыруға бағытталған маңызды жоба.

Іс-шара аясында университет пен Шымкент қалалық Әділет департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында екі тарап бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, студенттердің кәсіби тәжірибесін ұйымдастыруға және халыққа құқықтық кеңес беруге келісім жасасты.

Шараның ашылуында Университеттің Басқарма мүшесі, Бірінші проректор, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Сарықұлов Құрманғалы Рахымбердіұлы, Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Исабекова Айнұр Ақжігітқызы сөз сөйледі. Салтанатты жиынға сондай-ақ, Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысының орынбасары Р.С.Досанова, Шымкент қаласы Нотариаттық палатасының төрағасы Г.Т. Жүнісбекова, Адвокаттар алқасының төрағасы С.Ш. Баймұратов, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы М.М. Әбдібай және орынбасары Ә.Т. Есімова қатысты.

Жаңа Заң клиникасының басты мақсаты – студенттерге нақты құқықтық жағдайларда тәжірибе жинауға мүмкіндік беру, сондай-ақ әлеуметтік әлсіз топтарға тегін құқықтық көмек көрсету. Бұл тек білім беру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.

Университет басшылығы мен Әділет департаменті өкілдері бұл жобаның маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, Заң клиникасы болашақ заңгерлерге кәсіби дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғаммен байланысын нығайтады.

Клиникада студенттер тәжірибелі оқытушылар мен заң саласының мамандарының жетекшілігімен жұмыс істейді. Тұрғындар мұнда азаматтық, еңбек, тұрғын үй, отбасылық құқық және басқа да салалар бойынша кеңес ала алады.

Бұл бастама – құқықтық сауаттылықты арттыру, жастардың тәжірибелік машығын шыңдау және әділ қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам.