Шымкентте жыл басынан бері 51 кәсіпкердің құқығы қорғалды

фото ШПБҚ

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалуы тиіс. Осыған орай, Шымкентте кәсіпкерлік субъектілерін құқықтық қорғау және қолдау мақсатында қала прокуратурасының ұйымдастыруымен арнайы жиын өтті. Іс-шарада шаһардағы кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес өкілдері өз өнімдерін көпшілікке таныстырып, көрме ұйымдастырды. Мұндағы мақсат —  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін түсіндіру.

«DentaFill Kazakhstan» ЖШС-гі Шымкент қаласында дәрі-дәрімек шығаратын зауыттардың бірі. Аталмыш мекемеде жақпа майлар мен емдік дәрілердің 30 — дан астам түрі шығарылады. Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлікті дамытып, бизнесті өркендетуге еш кедергі жоқ. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.

Мансур Шарасулов,  «DentaFill Kazakhstan» ЖШС-нің бас директорының орынбасары: «Бұл «Дентафиль Қазақстан» ЖШС Өзбекстан елінен келген, екі елдің келісімшарты негізінде салынған фармацевтикалық зауыт. Инвестиция 8 млрд. теңге. Бірінші этап бойынша свеча мен мазь препараттар. 34 түрі шығады. Осы күнде біздің заттарымыз шетелге экспортталып жатыр. Жергілікті жерге де тарату ойымызда бар. Ол үшін тіркеуге тұру үшін құжаттар тапсырып қойғанбыз».

Жиынға жергілікті атқарушы орган өкілдерінен бөлек, салық қызметі және басқа да уәкілетті мекемелердің басшылары қатысты. Прокуратура өкілдері кәсіпкерлерге қысым көрсетуге, заңсыз тексерулер жүргізуге жол берілмейтінін, мұндай жағдайлар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын ескертті. Сонымен қатар, қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуы бойынша, индустриялық аймақтағы кәсіпкерлерге жер беру тым ұзаққа созылып кеткен.

Ғабит Мұқанов, Шымкент қаласының прокуроры: «Инвестициялық платформаға мониторингтің жүргізілмеуі, инвесторларға жер берудің созылуы, жобаларға бақылауға әлсіздігі бойынша бірқатар жұмыстар жасалмаған. Осы бойынша не жұмыс жасап жатсыздар?».

Біржан Әзімбердиев, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Біз инвестормен тікелей жұмыс жасағанда, қиындықтар туындап жатады. Өз кезегінде ақпаратты уақытында енгізбейді. Сол себепті, бізде платформада мәліметтер кеш шығады. Әрқайсымен жұмыс жасайтын боламыз. Сонымен қатар, жер мәселесі, мәселе болды. Осы күнге дейін басқарушы компания СПК — да болды. Енді бәрін жүйелендірдік. Басқарма жанынан «Шымкент Инвест» ашылды. Қазіргі таңда жұмыстар толық жүйеленді. Жерді рәсімдеу күнін қысқарттық. 35-40 күнге».

Аталған жиын бизнес ортада ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік қызметті дамытуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Яғни, мобильді топқа келіп түсетін арыз-шағымдардың санын азайтады деп отыр.

Бақытбек Амалбеков, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, прокуратура органдарына инициальды жобаларды сүйемелдеу жүктелген. Ағымдағы жылы қала прокуратурасымен 22 өзекті келісім шешімін тауып, 135 инвестордың құқықтары қорғалуы қаматамасыз етілді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақстында арнайы чаттар бар».

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша қала прокуратурасының мобильды тобына 51 кәсіпкер көмек сұрап жүгінген. Олардың ішінде 21 қолдау көрсетіліп, 30 — на түсіндірме жұмыстары жүргізілген.