Шымкенттік шахматшылар Еуропа чемпионатына жолдама алды

Ақыл-ойдың шыңдалатын алаңы – шахмат. Осы ойынды серік еткен шымкенттік шахматшылар соңғы жылдары халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Жас ойыншылардың жетістіктері мен алдағы жоспарлары қандай? 

Әлішер Өскенбай, жас шахматшы: «Мен шахматпен алты жасымнан айналысамын. Бұл ойынды өз ой-өрісімді дамыту үшін таңдадым. Шахмат арқылы көптеген жарыстарға қатысып, өзге елдерді көріп жүрмін. Ол тек спорт емес, күнделікті өмірге де көмектеседі. Өйткені ой қабілетті шыңдайды».

Әлішер Өскенбай әлемдік додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас шахматшы. 15 жастағы өрен үшін шахмат – тек спорт түрі ғана емес, өмірлік мектеп. Себебі ол үшін ойын жаңа елдерге жол ашып, достыққа көпір болады. Ал Айнақұл Нұрислам үшін шахмат – демалыс пен шабыттың көзі.

Айнақұл Нұрислам, жас шахматшы: «Шахматқа 6 жасымда келдім. Мені осы ойынға әкем жетектеп әкелген. Тез бейімделіп кеттім. Шахмат ойнағанда ерекше шабыт аламын, демаламын. Әсіресе жүлделі орын алған сәтімде қатты қуанамын. Бұл қуанышымды ата-анам да бөліседі. Ең бастысы, олардың үмітін ақтап, үлкен жетістіктерден көрінгім келеді».

Бұл жас дарындар – Шымкент қаласындағы №9 IT лицей-мектебінің шәкірттері. Оқу ордасында шахмат үйірмесі 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде лицейдің намысын қорғаған оқушылар екі рет әлем чемпионатына қатысып үлгерген. 2023 жылғы додада әлемнің үздік бестігіне енсе, биыл тамыз айында АҚШта өткен жарыста Қазақстандық спортшылар күміспен оралды. Ал Шымкенттің жас ойыншылары ТОП-9 қатарынан көрінді.

Мұқтар Сағымбекұлы, тәлімгер: «Мектебімізде шахматқа арналған арнайы кабинет бар. Балалар қалаған уақытында келіп ойнай алады. 20 адамға арналған үстел-орындықтармен жабдықталған. Сондай-ақ арнайы бағдарлама жасалған. Мұнда шәкірттер ең алдымен шахмат тастарын қоюды, олардың жүрісін үйренеді. Дебюттерді меңгереді, қарсыласын тұзаққа түсіру, қос мат, шах пен мат қою тәсілдерін тәжірибеден өткізеді».

Айта кетейік, бұл жас шахматшылар жуырда Қазақстан бойынша өткен іріктеуде финалға жолдама алған еді. Енді алдағы уақытта Еуропа чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Ботакөз Ануар