Сотталған 35 адамға грант берілді

Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны 40 жастағы Рустам Юлчиев аймақта мемлекеттен қйтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған пробациялық бақылаудағы 35 адамның бірі. Ол ұрланған малды бордақылап сатамын деп, басы дауға қалғанын айтады. Сотта жасаған қателігі үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға түрмеге жабылған ол 2 жылдан кейін бас бостандығы шектеліп, босатылған.

Рустам Юлчиев, Ақсукент ауылының тұрғыны: «Қамаудан бостандыққа шыққан кезде адамға оңай болмайды. Жұмыссыз болдық. Пробация қызметіне барып тіркелдік. Одан жұмыспен қамтамасыз ететін орталыққа тіркелдік. Сол кезде пробация құызметкерлері мен мансап орталығының қызметкерлерінен есітіп, солардың көмегімен мемлекет тарапынан грант бөлініп жатқанын естідік. Оған өз ұсынысымды тапсырдым. Қажетті құжаттарды өткіздім. Шынымды айтсам, бірінші кезде сенбедім. Оны ала алам ба, жоқ па деген ой болды».

Рустам Юлчиев әуелі сенімсіздік білдіргенімен, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде жобасы мақұлданып, бір жарым миллион теңге ұтып алған. Сөйтіп тауықтың 600 шақты балапанын сатып алып, кәсібін ашқан. Қазір оның бар ермегі осы балапандарды асырап, бағу. Әзірге шығын болғанымен, балапандар өсіп, апта өтсе етке союға жарап қалады дейді ол.

Рустам Юлчиев, Ақсукент ауылының тұрғыны: «Менің кәсібім ауыл шаруашылығында құс шаруашылығымен айналысу. Яғни ет бағытында К-500 бролерін бағу. Солардың шөжегін, балапандарын алып, дайындап жатырмын. Менің өзімнің жоспарым мұны кафелер бар, ресторандар бар, түрлі мекемелер бар ет қабылдайтын сол жерлерге өткізу мақсатында жоспар құрдым. Көп адам мұндай іс әрекетке барғандықтан кейін бостандыққа шыққанан кейін қайтадан қоғамға бейімделіп, үйреніп, араласып кетуі ол қиын болады. Жеңе білу керек оны. Гранттың берілуі өте жақсы. Біз үшін бұл жәрдем, жақсы көмек».

Пробация қызметінде жүргендерге кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант беру биыл Түркістан облысында алғаш рет қолға алынған. Қазірдің өзінде ондаған адам бұл мүмкіндікті пайдаланып, түрлі кәсіппен айналысып жатыр. Бірі тәттілер пісіріп сатса, бірі көлік жөндеу орталығын ашқан. Енді бірі мал бордақылап, пайда табуда.

Дәулет Тілемісов, Түркістан облысы прокурорының орынбасары: «Облыс прокуратурасының бастамасымен пробация тізімінде тұрған жаза өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде облыс әкімдігінің қолдауымен 35 тұлғаға 55 млн. теңге қайтарымсыз гранттар берілді… Бұдан бөлек 4 азаматқа мал шаруашылығымен айналысу үшін мемлекет есебінен 25 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Атлаған іс-шаралар жаза өтеушілердің өз кәсіптерін ашуға, қоғамға тез бейімделуіне және қайтамала қылмыстардың алдын алуға өз септігін тигізеді деп есептейміз».

Прокуратура мәліметінше, жазасын өтеушілермен қоса олардың отбасына да әлеуметтік көмектер беріліп жатыр. Мұның бәрі сотталғандардың қайта қылмысқа бармауына сеп болады дейді мамандар.

Дилара Иса