Созақта мал қырыла бастады

Түркістан облысында жем-шөп не жайылым жер таппай малы көтерем болғанын айтып шағымданған шаруалар көбейді. Қуаңшылық пен мал азығының бірден қымбаттап кеткені мал асырап, күн көрген жұртқа ауыр тиіп тұр. Шаруалар жағдай бақылауға алынбаса мал қырылып, жұт келуі мүмкін дейді.

Түркістан облысында қорадағы малы аштан көтерем болып, өле бастағанын айтқан шаруалар дабыл қаға бастады. Олардың сөзінше, биыл жауын-шашын аз болып, шөп өспеген. Шыққан шөптің өзі күйіп кеткен. Күз енді түссе де мал жайылатын жер жоқ. Жығылғанға жұдырық, жем-шөптің бағасы қымбаттап кеткен.

Мысалы, Созақ ауданына биыл жаңбыр жаумады дейді шаруалар. Содан шыққан шөптің өзі қурап қалған. Қазір жайылымның дерлік барлығы қара топыраққа айналып, мал өрістейтін жер қалмаған. Соның кесірінен мал көтерем болып, әлсіреп өле бастаған.

«Мынау таудан өрістен алып келдім. Екі ай болды қазір тұрғанына. Мына құлыны да жарытпай тұр қазір… жұт таза жұт».

Мал бағып, күн көріп жүрген ауыл тұрғындарының қорадағы малы күн санап азайып барады. Сөзінше қазірдің өзінде өрісте жылқылар әлсіреп, тұра алмай ит-құсқа жем болып жатқан көрінеді.

Абай ауылының тұрғыны Мұхамеджан Рыскелдиевтің қорасында 200-дей уақ малы, 20-дан аса сиыры, ондаған жылқысы бар. Жаздай жайылым болмай малын қорада ұстаған.

Тұрғындардың сөзінше, қуаңшылықтың зардабы әлден басталып жатыр. Бұлай далада көтерем болып, орнынан тұра алмай өліп жатқан жылқы көп. Ал оны алып кетіп, қораға ұстауға әркімнің де шамасы жете бермейді. Айталық, Абай ауылында шамамен 600-ге жуық жылқы болса, оның 80 пайызы көтерем болуға жақын. Қазірдің өзінде әр отбасы кемі бір жылқысынан, кейбірі ондаған малынан айырылған. Жағдай бұлай жалғаса берсе қорада мал қалмайды дейді жұрт.

Пернебек Байділлаев, Созақ ауданының тұрғыны: «Салқын түскен жоқ, осылай құлап жатыр. Салқын түскенде енді білмеймін қанша процент кететінін жылқының. Көбісінде осындай қоң жоқ, арық бәрі. Ертеңгі күні күн ыз еткенде жаппай құлай бастайды. Биылғы жылы өте қиын боп тұр. Біздің уайым осы. Қуаңшылықтың зардабын өте шегеміз ба деп отырмыз. Биыл жұт болайын деп тұр енді».

Жығылғанға жұдырық, шаруалар жем-шөптің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2-3 есе қымбаттап кеткенін айтады. Мысалы, былтыр келісі 76-80 теңге болған бидайдың келісі қазір 150 теңгеден сатылып жатыр. Ал әр бума шөп мың жарым теңгеге жеткен. Олар мұның алдын алмаса соңы қиын бола ма деп уайымдайды.

Асылхан Шоңғарбаев, Созақ ауданының тұрғыны: «Бір мал күніне 5 мың теңгеге жеп жатыр. Менің қазір үйімде тұр. Мен өзім күніне 5 мың теңгеге тамақ ішпеймін. Қаншама халық қазір қиналып, қатты жүдеп кетті, мал да халық та. Ал қазақтың ең бірінші мал жүдесе, қазақта жүдейді. Ей біз жер астындағы уранмен емес, осы ауыл шаруашылығымен күн көріп отырмыз»

Шаруалардың уайымымен аудан әкімдігі таныс. Әкімдік Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының әкімшілігімен келіссөз жүргізіп, сол жақтың шөбі мен бидайын арзандатылған бағада жеткізіп беруге келістік дейді.

Серік Маманов, Созақ ауданы әкімінің орынбасары: «Бізде Созақ ауданында сатылымда шөп те бар, бидай да бар, кебек те бар. Қымбат. Сол қымбатшылыққа байланысты сол басындағы бағамен жеткізіп беріңіздер деп тұр. Басындағы баға ол орылғаннан кейін шығады. Бірақ арзан болады. Бағасы бізден төмен болатынын біз біліп тұрмыз. Жобамен бізде 150-135 болса, ол жақта 70-80 болуы мүмкін».

Шаруалар мемлекет көмек бермесе қыстан шыға алмайтынымыз анық дейді.

Дилара Иса