Таза мұржа — қауіпсіз үй

Шымкент қаласында 240 мыңнан аса газ тұтынушы тіркелген. Тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтауы үшін тиісті мамандар үгіт насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл жолғы түсіндіру жұмыстары Азат шағынауданында өтті.

Шымкент қаласы жылыту маусымына толық дайын. Аймақты аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізген сала мамандары осылай дейді. Мегаполисте жылыту маусымы басталар алдында үйлердегі газ құрылғылары тексерілуде. Төтенше жағдайлар департаменті мен газ-техникалық қызмет мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, улы газдан сақтанудың жолдарын баяндап жүр.

Ахмет Қалыбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Газ құрылғыларының бәрін тексеріп жатыр екен. Бұларға келгеніне рақмет айтамын. Түсіндіріп жатқандарыңа да алғыс. Әрине, алдымен өзіміз абай болуымыз керек».

Өңірде 63 мыңнан астам тұрғын жеке үйде тұрады. Олардың ішінде баспанасын көмір жағып жылытып отырғандар да бар. Мамандар мұндай үйлердің иелеріне мұржа тазалаудың маңызын ескертіп, улану қаупін азайту үшін әрі жылу тиімділігін арттыру мақсатында мұржаларды тазалап берді.

Сала өкілдері газбен жылытатын су құрылғыларын әжетхана немесе жуынатын бөлмеге орнату – үлкен қателік екенін айтады. Өйткені мұндай бөлмелерде желдету нашар, сондықтан улану қаупі жоғары. Сондай-ақ газ тұтынушылардың жауапты мамандармен тұрақты байланыста болуы маңызды екені ескертілді.

Айдар Тынайұлы, газ-техникалық қызметінің басшысы: «Газ тұтынушы ВДГО мекемесімен келісімшартқа отыруы тиіс. Сол мекеме жылына кемінде бір-екі рет мұржаларды тазалап, газ құрылғыларын техникалық шарттарға сай тексеріп отыруы керек».

Ал компания өкілдерінің айтуынша, алдағы жылыту маусымына толық дайындық жасалған. Жаз бойы газ құбырлары тексеріліп, апаттық жағдайлардың алдын алу шаралары жүргізілген. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға газ жеткізу желісі түгел дайын. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Бақыт Әбдіманапұлы, QazaqGaz Аймақ АҚ ШӨФ-ның апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы: «Қазіргі таңда 100 пайыз жылыту маусымына дайынбыз. Жаз мезгілінде барлық дайындық шараларын толық атқарып қойдық».

Мамандардың айтуынша, жүйелі тексеріс пен түсіндіру шаралары тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, улану мен төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында төтенше жағдайлардың тіркелуі үш есеге төмендеген.

Ботакөз Ануар