Түркістан облысы Төле би ауданындағы «Зағамбар» тойханасында ән айтып тұрған әншісі масайып алған ер адам жұдырықтың астына алды. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Әнші алған соққыдан әлі күнге ес жинай алмай жүргенін мәлімдеді.
Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылында өткен тойдың бірінде ән айтып тұрған жерінде Азода Толайқызын ер адамның ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Таяқтың астында қалған әйел бетін бұғып отырып қалғанын байқауға болады. Әншінің сөзінше, оқиға 31 тамыз күні болған. Әншінің өзі оқиғаны «бұл маған қасақана жасалған қастандық» деп бағалайды.
Азода Толайқызы, әнші: «Сол күні мені кенеттен келіп қатты мас күйінде ұрып, соққыға жығып кетті. Ішіп алған. Мен сол жерде жарты сағаттай жаттым. Есімді жинай алмай. Жедел жәрдем, учаскелік полицей 1 сағаттам астам уақыта келді».
Әнші учаскелік полицей келгенімен, мән-жайды сұрамағанына, жазған арызын қабылдамағанын, істі тіркемегеніне шағынып видеоүндеу жариялады. Жәбірленушінің пайымынша, олар денесінде қалған көгерген іздердің кеткенін күткен болуы мүмкін
Азода Толайқызы, әнші: «Экспертизаға уақытында шақырған жоқ. Шешім шығарған жоқ. Солай менің жұмысымның уақытын созып жатты. Жұмыс толық жасалынған жоқ. Тексерілген жоқ. Заңды да жақсы түсінбеймін. Сондықтан өз ісімді заңды білетін адамдарға тапсырдым. Қатты ұрған себептен басымның мына жағы ауырады. Қазіргі уақытта жұмысқа да шыға алмай отырмын».
Бейресми мәліметке қарағанда, әншісі жұдрықтаған оның бұрынғы қайынатасы көрінеді. Ал облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеп-тексеру амалдары басталған.
Дилара Иса