Түркістан — болашақ чемпиондар мекені

Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда тағы бір тарихи күн тіркелді. Қалада Орта Азияда теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасының ашылуы өтіп, мерекелік шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Салтанатты шара аясында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев арасында тарихи меморандумға қол қойылды.

Түркістанда Орта Азиядағы теңдесі «Ескек есу» арнасы ашылды. Заманауи талаптарға сай нысанда академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон және ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерінен жаттығулар мен жарыстар өтеді. Кешен бір уақытта 500-ге жуық спортшыға дайындық жасауға мүмкіндік береді. Ашылу салтанатына халықаралық және отандық спорт ұйымдарының жетекшілері қатысып, сөз сөйледі.

Томас Кониецко, Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті: «Бүгін мен үшін халықаралық ескек есу федерациясының атынан осындай керемет кешеннің ашылуына қатысу үлкен мәртебе. Сіздердің спортшыларыңыз соңғы кездері үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Оның ішінде 6-ты бірдей ескек есу шеберлері Париж олимпиадасына іріктеліп алсында. Сондай-ақ, Хуанжоуда өткен Азия ойындарында сіздердің спортшыларыңыз ерекше жетістікке жеткенін атап өткім келеді».

Салтанатты шара аясында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев арасында тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашады.

Асланбек Мерғалиев, Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті: «Ескек есу үлкен еңбек пен ерік жігерді талап ететін спорт. Біздің спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын қорғап келеді. Енді осындай әлемдік деңгейдегі нысанның ашылуы болашақ чемпионларымыздың сапасын арттырып олардың жаңа жеңістеріне жол ашады».

Ашылу салтанаты аясында «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивальі өтті. Кеш барысында қонақтар флайборд, лазерлі шоу, әуе шары мен отшашуды тамашалады. Концертте Мұқасан Шахзадаев, «Таңба» этно тобы, «Самғау» ансамблі және өзге өнерпаздар өнер көрсетті. Сонымен бірге “Taiqazan” гастрофестивалі, қолөнер көрмелері мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.Облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Бұл – болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін алтын ұя» деп атап өтті.

Нұралхан Көшеров,  Облыс әкімі: «Бүгінгі ашылып отырған ескек есу каналының орны ерекше. Бұл орталық Азияда теңдесі жоқ кешен болып табылады. Ескек есу каналының ерекшелігінің бірі каналдың эко жүйесінде де тікелей әсерін тигізеді біздің қаламызға. Кешенде азиялық әрі әлемдік деңгейде жарыстарды өткізуге ұйымдастыруға болады. Шетелдік спортшыларға жыл 12ай оқу жиындарын өткізуге толық мүмкіндіктеріміз бар. Бұл спорт кешені Түркістанға ғана емес тұтас қазақ елінің абыройын көтереді».

Айта кетейік, қазірде Түркістан спортшылары ел қоржынына 1 800-ден астам ұлттық, 184 халықаралық медаль сыйлаған. Өңірде «Мұз сарайы» жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта атшабар кешені мен жаңа спорт нысандары ашылмақ. Мамандар бұл – тек спорт нысанының емес, күллі өңірдің дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіретін оқиға дейді.

Ботакөз Әнуар