Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешеніне 8 айда 121 млрд. теңге инвестиция тартылды

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жоспар артығымен орындалды. Биыл 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болса, бұл көрсеткіш бүгінде нақты 59 мың гектарға жетіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, инвестиция тарту секілді бірқатар көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Мәселен, биыл 8 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 100,1%-ды құрады. Ал, 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 104,3%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Облыс басшысы агросаланы өңір экономикасының басты драйвері ретінде атап, су үнемдеу мен агроинновацияларды енгізуді жеделдетуді тапсырды.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша да жоспар артығымен орындалды дейді мамандар. Олардың айтуынша, биыл 27 мың гектарға енгізу көзделген болса, бұл көрсеткіш 59 мың гектарды құрап отыр. Ал 2028 жылға дейін бұл технологиялар жыл сайын шамамен 50 мың гектарға енгізілмек.

Айта кетейік, облыста ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін 1649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Бірақ, қазіргі уақытта оның 1379-ы сатып алынған. Бұл техниканың жаңару үлесін 7,9%-ға жеткізді. Ал, жалпы облыста 17 487 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Бұдан бөлек, Түлкібас, Сайрам, Шардара ауданында жеміс-көкөніс сақтау қоймалары салынып, іске қосылуда. Ал, келер жылы Сарығашта 10 мың тонналық, Қазығұртта 3 мың тонналық сақтау қоймаларын іске қосу жоспарда бар.

Нұргүл Жолымбетова